Семей сынақ полигонының тарихы және Қазақстанның оның ядролық мұрасын еңсеру жөніндегі бірегей тәжірибесі ел ішінде де, шетелде де үлкен қызығушылық тудырып келеді. ҚР Ұлттық ядролық орталығы жыл сайын көптеген делегацияны, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ғалымдарды, қоғам қайраткерлері мен журналистерді қабылдайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Биыл да солай болды. Соңғы айларда Ұлттық ядролық орталыққа 100-ден астам адам келді. Орталықтың қызметімен танысуда көпшіліктің қызығушылығын тудыратын форматтардың бірі — техникалық турлар. Олардың барысында ССП тарихына қатысты объектілерді ғана емес, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану технологияларын дамыту саласындағы нақты жұмысын да көруге болады.

Көптеген делегация үшін Ұлттық ядролық орталықтың қызметімен танысу Семей сынақ полигоны тарихының экспозициялық залынан басталады.
Экспозиция сынақ бағдарламасының ауқымын бағалауға, сондай-ақ ССП жабылғаннан кейін атқарылған ауқымды жұмыстарды түсінуге мүмкіндік береді. Архив құжаттары, фотосуреттер, жабдықтардың үлгілері және басқа да материалдар кезіндегі сынақтар туралы ғана емес, олардың салдарын жою бағытында Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы да мәлімет береді.
Ядролық қаруды таратпау мәселесі жөніндегі әңгімені дәл осы жерден бастаған жөн. 1991 жылы сынақтар тоқтатылғанымен, аумағы шамамен 18,3 мың шаршы километр болатын полигон аумағында ондаған жылдар бойы қалыптасқан аса күрделі инфрақұрылым сақталып қалды. Штольнялар мен ұңғымалар, техникалық алаңдар және басқа да объектілер енді сынақ кешенінің элементі ретінде емес, ықтимал қауіп көздері ретінде мүлдем жаңа тәсілді талап етті.

Осылайша, техникалық тур жай ғана ССП тарихымен танысу емес, полигонды жабу туралы саяси шешімнің нақты инженерлік, ғылыми және ұйымдастырушылық шаралармен қалай қамтамасыз етілгенін қадағалауға мүмкіндік береді.
Техникалық турлар Семей сынақ полигонының тарихына қатысты объектілермен ғана шектелмейді. Бұдан кем түспейтін тағы бір маңызды бөлігі — қазіргі Ұлттық ядролық орталықпен, оның ғылыми базасымен, зерттеу қондырғыларымен және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған технологияларымен танысу.

Техникалық турға қатысушылар радиациялық-экологиялық зерттеу жүргізілетін зертханаларға барады. Онда қоршаған орта объектілерінен алынған сынамаларды талдау қалай жүргізілетінін, техногендік радионуклидтерді анықтау, олардың топырақта, суда және биологиялық объектілерде таралу процесін зерттеу қалай жүзеге асырылатынын тікелей көруге болады.
Дәл осы көпжылдық зерттеулердің нәтижесі бұрынғы полигон аумағындағы радиациялық жағдайды нақты көрсетуге, ерекше бақылауды қажет ететін учаскелерді анықтауға және Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастырудың ғылыми негізін жасауға мүмкіндік берді.
Қазақстандық КТМ материалтану токамагы бағдарламада ерекше орын алады. Бұл — басқарылатын термоядролық синтез саласындағы міндеттерді орындауға арналған бірегей зерттеу кешені. КТМ-мен танысу Ұлттық ядролық орталық қызметінің мүлде басқа қырын — жоғары технологиялық зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және болашақтың энергетикасына қажетті ғылыми-техникалық құзыретті қалыптастыру бағыттарын айқын көрсетеді.
Техникалық турдың бағдарламасына қарай қонақтарға Орталықтың басқа да зерттеу реакторлары мен эксперименттік қондырғылары, зертханалық кешендері және ғылыми-техникалық инфрақұрылымы таныстырылады. Бұл оны тек Семей полигонының мұрасымен жұмыс істеу міндеті жүктелген ұйым ретінде ғана емес, ең алдымен, атом энергетикасы, термоядролық зерттеулер, радиациялық материалтану, радиоэкология, ядролық және радиациялық қауіпсіздік салаларында бірегей біліктілігі бар көпсалалы заманауи ғылыми орталық ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.