Құрылтай

«Жасыл» экономикаға бастар жол: Қарақыстақ су электр стансасының үлесі

0 6

Қазіргі таңда әлем елдері экономиканы дамытуда табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға басымдық беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі энергетикадан жаңартылатын қуат көздеріне кезең-кезеңімен көшу – Қазақстан үшін де стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Бұл тек электр энергиясын өндірудің баламалы тәсілі ғана емес, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президент айқындаған «жасыл» экономика қағидаттары еліміздің тұрақты дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде жел, күн және су энергиясын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаға келетін зиян азайып, табиғи ресурстарды сақтауға негізделген жаңа өндірістер қалыптасып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылдық округінде жүзеге асырылды.

Тау шатқалында орналасқан «Қарақыстақ» су электр стансасы өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін игерудің жарқын үлгісіне айналды. Стансаның жобалық қуаты – 2,3 мегаватт. Нысан 2013 жылдың 14 маусымында пайдалануға беріліп, оның құрылысына 1 миллиард 7,9 миллион теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіріп, еліміздің біртұтас электр жүйесіне қуат беруде.

Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, табиғаттың сарқылмайтын мүмкіндігін тиімді пайдалану – әлемдік тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдеген бағыт.

– Бүгінде көптеген дамыған мемлекеттер жел, күн және су энергиясын кеңінен пайдалану арқылы экономикаларын әртараптандырып келеді. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімінің үш пайызын немесе шамамен 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» секторды дамытуға бағыттайды. Ал АҚШ баламалы энергетиканы жетілдіруді негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Қазақстан да 2013 жылдан бастап «жасыл» экономикаға көшу саясатын жүзеге асырып келеді. Сол кезеңде іске қосылған «Қарақыстақ» су электр стансасы еліміздегі осы бағыттағы алғашқы ірі жобалардың бірі болды, – дейді ол.

Стансада өндірілген электр энергиясы KEGOC ұлттық электр желісі арқылы еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйесіне жіберіледі. Бұл өз кезегінде өңірдің ғана емес, республиканың энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға үлес қосып отыр.

Жаңартылатын энергия көздерінің басты артықшылығы – экологиялық қауіпсіздігі. Электр энергиясын өндіру барысында атмосфераға зиянды қалдықтар шығарылмайды, көмірқышқыл газының көлемі азаяды, табиғи ресурстар тиімді пайдаланылады. Мұндай жобалар климаттың өзгеруімен күресуге, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға және болашақ ұрпаққа таза қоршаған ортаны аманат етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар су электр стансасының әлеуметтік маңызы да жоғары. Қазіргі таңда мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізуде.

– Біздің мақсатымыз – табиғатқа зиян келтірмей, сапалы әрі тұрақты электр энергиясын өндіру. Су электр стансасы дәстүрлі отын түрлеріне қарағанда әлдеқайда тиімді. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарылмайды, көмірдің жағылуы азаяды. Бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған нақты үлес, – дейді Нұрдос Қалдыбалин.

Қазақстан үшін «жасыл» экономика – уақыт талабы. Ұлан-ғайыр жеріміздің табиғи әлеуеті жаңартылатын энергия көздерін дамытуға толық мүмкіндік береді. Ал Т.Рысқұлов ауданындағы «Қарақыстақ» су электр стансасы – осы бағыттағы табысты жобалардың бірі ретінде өңірдің ғана емес, тұтас елдің тұрақты дамуына қызмет етіп келеді.