Құрылтай

Жамбыл облысында мал азығын дайындау қарқынды жүргізілуде

0 16

Жамбыл облысы еліміздің жетекші мал шаруашылығы дамыған өңірлерінің бірі саналады. Бүгінде облыс шаруашылықтарында төрт миллионнан астам ірі және ұсақ мал өсіріліп, саланың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлеміндегі үлесі 52 пайыздан асады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 490,3 мың бас ірі қара, 3 млн 467,1 мың қой-ешкі, 209,7 мың жылқы, 9,1 мың түйе және 2 млн 198 мыңнан астам құс тіркелген. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Биыл ет өндірісі 2,4 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға артса, жалпы мал басы өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға көбейген.

Өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қараның үлесі 12,1 пайызды немесе 52,1 мың басты құраса, асыл тұқымды қой саны 792,1 мың басқа жетіп, олардың үлесі 26,2 пайызға тең. Бұл бағытта 359 шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсірсе, 59 шаруашылық асыл тұқымды ірі қарамен айналысады.

Мал басының көбеюі қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қорын сапалы әрі уақытылы дайындауды талап етеді. Осы мақсатта облыста мал азығын дайындау науқаны жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,6 миллион гектардан асады. Оның 781,8 мың гектары егістік болса, 3,5 миллион гектары жайылымдық алқаптарды құрайды. Мұндай табиғи мүмкіндік мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Маусым айының ортасынан бастап шөп шабу жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда 144 мың гектар алқаптың шөбі шабылып, бұл жоспарланған көлемнің жартысынан астамын құрайды. Нәтижесінде 624,8 мың тоннадан астам шөп дайындалды.

Биылғы табиғи-климаттық жағдай да жем-шөп дайындауға қолайлы болды. Қарлы қыс, жауын-шашынды көктем және жаз мезгіліндегі жауынның аз болуы шөптің бітік шығуына әрі орақ жұмыстарының кідіріссіз жүргізілуіне мүмкіндік берді. Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т. Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласында алғашқы шабындық толық аяқталған.

Өңірде мал азығын өндіретін төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жылына жалпы қуаттылығы 90 мың тоннаға дейін құрама жем өндіруге қауқарлы. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп, шаруалардың жем-шөппен тұрақты қамтылуына ықпал етуде.

Мамандардың есебіне сәйкес, алдағы қыс мезгілін қиындықсыз өткізу үшін облыс бойынша 1,9 миллион тонна ірі азық дайындау қажет. Оның ішінде 62 мың тонна сүрлем, 81 мың тонна пішендеме және 109 мың тонна сабан қоры жасалуы тиіс.

Жыл сайын мал санының артуына байланысты жем-шөпке деген сұраныс та өсіп келеді. Егер өткен жылы өңірге шамамен 1,7 миллион тонна мал азығы қажет болса, биыл бұл көрсеткіш 200 мың тоннаға көбейген. Сондықтан шаруалар қысқы маусымға қажетті қорды толық қалыптастыру үшін жем-шөп дайындау жұмыстарын күшейтіп, науқанды белгіленген мерзімде аяқтауға күш салуда.