Конституция

Конституциядағы жаңа қағидат: Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік нені білдіреді?

0 24

Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының талдаушысы Әлия Бердібаева Конституцияның преамбуласында бекітілген болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидатының мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл қағидат бүгінгі міндеттерді шешумен қатар, еліміздің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаты неліктен Конституцияда бекітілді?

Әлия Бердібаеваның айтуынша, жаңа Конституция бүгінгі міндеттерді шешуге ғана емес, еліміздің ұзақмерзімді дамуына да бағытталған. Сондықтан оның преамбуласында болашақ ұрпақтары алдындағы жауапкершілік қағидаты бекітілді.

Бұл жердегі мәселе — табиғи ресурстарды сақтау, білім беру мен ғылымды дамыту, инновацияларды қолдау және адами капиталды нығайтуды толық қамтып отыр. Конституция қарапайым бірақ маңызды қағиданы бекітеді. Елдің дамуының орнықты болуы және ол тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да игілігіне қызмет етуі тиіс. Сәйкесінше, біз бүкіл қоғам болып келер ұрпаққа қандай табиғи байлықтарды, қандай білім жүйесін, қандай экономиканы және қандай даму мүмкіндіктерін қалдыратынымызды да ойлауымыз қажет дегенді білдіреді, – деді ол.

Мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде бұл қағида қалай ескеріледі?

Конституциялық сот талдаушысының сөзінше, бұл қағиданың Конституцияда бекітілуі мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде олардың бүгінгі көрсетіп отырған нәтижесін ғана емес, ұзақмерзімді ықпалын ескеру қажеттігін айқындайды.

Оның айтуынша, бұған қатысты мемлекет басшысы қандай мемлекетте өмір сүретіні бүгін қабылданып жатқан шешімдерге де байланысты екенін атап өтті.

Бұл ең алдымен заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар әзірлеу кезінде олардың ұзақмерзімді ықпалын бағалаудың маңызыдылығы арта түсетінін білдіреді. Айтылып отырғандар тек экологиялық мәселеге қатысты емес, сонымен қатар, ғылымды, білімді, жаңа технологияларды дамытуға мәдени мұраны сақтауға және ұлттық ресурстарды тиімді пайдалануға да қатысты. Мысалы табиғи ресурстарды пайдалануға қатысты шешім қабылдаған кезде ең алдымен олардың барынша сақталып қалуын, экономиканы дамыту барысында болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын және ғылым білімді қолдауда еліміздің келешектегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететіндей шешімдер қабылдауға бағдарлайды, – деді Әлия Бердібаева.

Бұл қағидат қатардағы азаматтар үшін және ел болашағы үшін нені білдіреді?

Әлия Бердібаеваның айтуынша, азаматтар үшін бұл қағидат еліміздің дамуы қазіргі ұрпақтың ғана емес, болашақ ұрпақтың мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылатынына деген сенімді білдіреді.

Қарапайым тілмен айтқан елімізде қазіргі бар табиғи байлықтар, ғылымның, білімнің және экономиканың жетістіктері тек бүгінгі күнге ғана емес, ертең Қазақстанда өмір сүретін ұрпақ үшін де сақталуы тиіс деген сөз. Сол болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік тек мемлекеттің емес, барлық азаматтың міндеті. Бұл міндетіміз табиғатқа жанашырлықпен қарау, заңды құрметтеу, білімге ұмтылу, ұлттық құндылықтар мен мәдени дәстүрлерді сақтау және ең маңыздысы өскелең ұрпақты тәрбиелеу арқылы көрініс табады, – деп түйіндеді Конституциялық соттың талдаушысы.

Еске салайық, бүгін Қазақстанның Жаңа Конституциясы күшіне енді.