Өмірі өнеге – қаламы қазына

0 5

Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қ.Мырзалиев

Меркі ауданындағы №8 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ әдебиеті мен руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы, жазушы әрі ақын Шырын Мамасеріковамен «Өмірі өнеге – қаламы қазына» атты тағылымы мол рухани кездесу кеші өтті.
Ұстаздық – үлкен жауапкершілік пен зор құрметті талап ететін қасиетті мамандық. Әр шәкірттің жетістігі – мұғалім еңбегінің жемісі. Осы қағиданы берік ұстанған мектеп ұжымы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, кітап оқуға баулу және туған тілге деген құрметті арттыру мақсатында тағылымды кеш ұйымдастырды.

Кештің шымылдығы жүргізуші Раманқұлова Дидар Ерниязқызының жүрекке жылы лебізімен ашылды. Іс-шара барысында мектептің «Шабыт» домбырашылар тобы қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, Құрманғазының рухын сездірген «Ертұран» күйін орындады.

Кештің құрметті қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, жазушы, ақын Шырын Мамасерікова оқушылармен жүздесіп, өмір жолы мен шығармашылық тәжірибесі туралы ой бөлісті.

Мектеп оқушысы Қасымбекова Гаухар ақынға арнаған «Арнау» өлеңін оқып, кеш қонағына ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар, ұстаздар қауымы Шырын Мамасерікованың туған өлкені дәріптеген «Меркі» өлеңін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кездесу барысында экраннан ақынның өмір жолынан сыр шертетін архивтік фотосуреттер мен шығармашылық ең­бектері көрсетілді. Жүргізуші ақынның 1945 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының Жалпақсаз ауылында дүниеге келіп, ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүрген тұлға ретінде қалыптасу жолын таныстырды.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – 1 «А» сынып оқушысы Дария Есенбекованың орындауындағы «Мектебім» әні болды. Балғын өнерпаздың шынайы орындауы көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Әдеби бөлімде оқушылар ақын шығармаларынан үзінділер оқып, жүрекжарды жырларын арнады. Гаухар Қасымбекова, Шырын Мамасерікованың «Сұлу Меркі, әсем ән» өлеңін мәнерлеп оқып, туған жерге деген сүйіспеншілікті әсерлі жеткізді.

Сонымен қатар, білім алушылардың қатысуымен «Алғашқы ұстаз» атты театр­ландырылған көрініс сахналанып, ұстаз еңбегінің қадірі мен тәрбиелік мәні көркем түрде бейнеленді.
Кештің негізгі бөлімінде Шырын Мамасері­ковамен ашық сұхбат ұйым­дастырылды. Оқушылар ақынға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Оқушылардың «Бала күніңіздегі ар­маныңыз қандай еді?», «Сізді шабыт­тандыратын күш не?», «Қазіргі жастарға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?» деген сауалдарына жауап берген қаламгер кітаптың адам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.

– Менім бойымда жақсы қасиеттер болса тек кітапқа қарыздармын. Кітап өмір бойы ақылшым досым болды. Ұлттың ұлтық тамырына ана тілін ардақтау, тіл мәдениетін көтеріу басты мақсатым болды. Қазақ тілін ұлықтау мемлекетін ғана емес әр бір ұстаздың, ата ананың шәкіртердің қасиетті борышы. Ана тілі тәрбиенің өзегі. Ал тілін құрметтейтін ел ешқашан рухани жұтамайды, жақсы кітап жанды жүдетпейді. Кітап – қазына рухани байлық, кітап ұлттың зердесі. Оқыған ел – озық ел. Жерінің астында мұнайы, алтыны, көмірі жоқ Жапония мен жері қу тақыр Израильдің айбары зор болуы олардың ғылымға көңіл бөлгендігінде. Сондықтан, Сендер күшті болуларың үшін көп оқып, кемел білім алындар, қарақтарым – деді ақын.

Кездесу барысында оқушылар Шырын Мамасерікованың балалық шағындағы қиындықтарға қарамастан қайсарлық танытып, өлеңді өмірлік серігі еткендігі туралы қызықты деректермен де танысты. Оның шығармашылық жолында қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың қолдау көрсеткені жөніндегі естеліктер де көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

«Кітаптар әлемі» бөлімінде ақынның жарық көрген кітаптары таныстырылып, шығармаларынан үзінділер оқылды. Оқу­шылар ақын туындылары арқылы туған жерге сүйіспеншілік, ұлттық рух және адамгершілік құндылықтар жөнінде мол мағлұмат алды.
Кеш барысында ақын шығар­ма­шылығына арналған әндер орындалып, әдеби-сазды бағдарлама көрермен кө­ңілінен шықты.

Іс-шара соңында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Мақпал Құрманкалиева сөз сөйлеп, рухани кездесудің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Ол мектеп ұжымы атынан Шырын Мамасеріковаға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Кеш соңында құрметті қонаққа гүл шоқтары табысталып, естелік суретке түсу рәсімі өтті.
«Рухани мұра – ұрпаққа аманат» деген тағылымды ұстанымды арқау еткен бұл кездесу оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиет пен ана тілімізге деген құрметін нығайтқан тағылымды шара болды.