Құрметті Меркі ауданының тұрғындары! Ардақты ағайын!
Сіздерді 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – тағдыр тоғыстырған түрлі этностар мен ұлттардың ортақ үйіне айналған қасиетті қазақ жеріндегі татулық пен түсіністіктің, сыйластық пен сенімнің айқын көрінісі. Бірлік – бұл тек ұран емес, ол – күнделікті өмірде бір-бірімізге деген құрметтен, ортақ іске деген жауапкершіліктен, ел болашағына деген ортақ сенімнен бастау алатын құндылық.
Меркі ауданы – еліміздің шағын үлгісі іспетті. Мұнда әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әрқайсысы өз мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтай отырып, ортақ мақсат – ауданның дамуына, елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Бұл – біздің ең үлкен байлығымыз әрі мақтанышымыз.
Біз үшін бірлік – тек өткеннің мұрасы емес, болашаққа бастайтын берік тұғыр. Қандай жетістікке жетсек те, оның түп негізінде ел ішіндегі ынтымақ пен өзара түсіністік жатыр. Сондықтан, бұл құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Осынау мерекелі күні әр шаңыраққа амандық, бақ-береке тілеймін! Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық орнап, бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем болсын!
Меркі жұртының ынтымағы мен ырысы арта берсін!