Қырда қызу еңбек

0 5

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көктемгі дала жұмыстарын бақылау үшін шаруашылықтарды аралады.

Алдымен аудан әкімі «Жеміс-жидек» ЖШС жұмысымен танысты. Шаруашылық жетекшілерінің айтуынша, жалпы 204 гектар жер игерілуде. Оның ішінде 160 гектарға қант қызылшасы, 6 гектарға жүгері егілмек, қалғанына жоңышқа егу жоспарланған. Шаруашылық су үнемдеу технологияларын енгізіп, 100 гектарға тамшылатып суару, 50 гектарға жаңбырлатып суару жүйесін орнатқан. Барлық жүйе автоматтандырылған режимде жұмыс істейді.

Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Келесі кезекте аудан әкімі Меркі ауылындағы «Маржан» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық жетекшісі Асхат Ахметов биылғы жылы 35 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде 10 гектарға бидай, 10 гектарға қызылша, 4 гектарға жоңышқа егіледі, қалған жерге қарбыз егілген. Шаруашылықта тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Суару жүйесі қажетті электр қуатын арттыру мәселесі бойынша аудан әкімі тиісті тапсырмалар берді.

Андас батыр ауылдық округіндегі «Нұр» шаруа қожалығында да жұмыс қарқынды. Шаруашылық жетекшісі Біржан Пралиевтің айтуынша, мұнда 270 гектарға сафлор, 430 гектарға бидай, 22 гектарға арпа, 120 гектарға қант қызылшасы егілмек.

Сонымен қатар, аудан әкімі Жаңатоған ауылдық округіндегі Талас Рүстемғалиевтің алқабында болды. Шаруашылықта биыл 5 гектарға жүгері, 5 гектарға қант қызылшасы егіледі.

Іссапар барысында аудан әкімі шаруалармен өнімділікті арттыру, сапаны жақсарту, жоғары сұрыпты тұқымдарды пайдалану және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында пікір алмасты. Ербол Жиенқұлов ауылшаруашылығы саласын дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.