Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды

0 4

22-наурыз күні Меркі ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен атап өтілді. Аудан орталығындағы Асанбай Асқаров атындағы орталық стадион мерекенің басты алаңына айналып, «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты кең ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара өтті.

Мерекелік алаң ұлттық нақышта безендіріліп, этноауыл үлгісі жасақталды. Орталыққа алтыбақан орнатылып, сегіз киіз үй мен он бір шатыр тігілді. Киіз үйлер түрлі тақырыпта безендіріліп, келушілерге ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, бейнелеу өнері туындылары, сондай-ақ, заманауи бағыттағы робототехника жетістіктері ұсынылды. Этномәдени бірлестіктердің көрмелері де көпшілік назарын аударды. Ақ жаулықты аналар ұршық иіріп, қариялар елге ақ батасын берді.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, тұрғындарды әз-Наурызбен құттықтады. Сонымен қатар, белгілі ғалым, профессор Намазалы Омашев көпшілікке жүрекжарды тілегін арнады.
Мерекелік бағдарлама аясында сах­наланған қойылымдар көрсетіліп, аудан өнерпаздары мен арнайы шақырылған қонақтар өнер көрсетті. Олардың қатарында тележүргізуші Ұлжан Ибраим, әнші-сазгер Бағлан Бәбіжан, «Дудар-ай» фольклорлық-этнографиялық тобы, радиожүргізуші Нұрбек Қасым және жас эстрада әншісі Біржан Байбол бар.

Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмады. Алаңда мас-рестлинг, гір тасын көтеру, қант көтеру, түйе палуандар белдесуі, әйелдер күресі, арқан тарту және дәстүрлі садақ ату секілді сайыстар ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мереке барысында келген қонақтарға кең дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Соның ішінде Наурыздың басты дәмі – наурыз көже көпшілікке таратылды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл мерекелік шара меркіліктердің бірлігі мен берекесін айқындап, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.