Ауылдағы табысты кәсіп

0 23

Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікке бет бұрып, заман талабына сай еңбек етіп жүрген жандардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Меркі ауданына қарасты Ойтал ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлдидар Копобаева.

Ол ауылдық жерде отырып-ақ за­манауи технологияны меңгеріп, сұ­ранысқа ие өнімдер ұсынып, өз кәсібін табысты түрде дамытып келеді.

Гүлдидар Копобаеваның негізгі кәсібі – тігіншілік. Бұл салаға деген қызығушылығы оны тұрақты табыс көзіне жеткізіп қана қоймай, шығармашылық тұрғыда да дамуына жол ашқан. Кәсіпкер тұрмыстық және мерекелік киім үлгілерін тігіп, әр тапсырысқа ұқыптылықпен, талғаммен қарайды. Соңғы жылдары ол өз кәсібін кеңейтіп, жаңа бағыттарды да қолға алған.

Мемлекет тарапынан берілетін қай­тарымсыз грантты жеңіп алған кәсіпкер арнайы сублимация аппаратын сатып алып, өндірісіне заманауи технологияны енгізді. Қазіргі таңда бұл құрылғы арқылы жейде мен өзге де киім түр­леріне түрлі бейнелер мен жазулар түсіріп, тұтынушылардың сұранысына сай өнімдер дайындап келеді. Бұл – ауыл кәсіпкерлігі үшін тың әрі тиімді бағыттардың бірі.

Сонымен қатар, Гүлдидар Копобаева жаңа жылдық сыйлық қалташаларын әзір­леумен, оларды әсем безендірумен, шыны бұйымдарға сурет салумен айналысады. Бұдан бөлек, тойбастарға арналған кәдесый заттарын жасап, мерекелік іс-шараларға қажетті өнімдер ұсынады. Әрбір бұйымнан шеберлікпен қатар, талғам мен жаңашылдық анық байқалады.

Кәсіпкердің өнімдеріне сұраныс жоғары. Тапсырыстардың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы қабылданып, дайын өнімдер тек ауыл тұрғындарына ғана емес, өзге өңірлер мен қалаларға да жөнелтіледі. Бұл – ауылда отырып-ақ кең нарыққа шығуға болатынын дәлелдейтін нақты мысал.
Қазіргі уақытта шағын бөлмеде жұмыс істеп отырған кәсіпкер алдағы уақытта табысын арттырып, жеке шеберханасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жаңа құрал-жабдықтар алып, өнім түрлерін көбейту – оның алдағы мақсаттарының бірі.

Гүлдидар Копобаеваның еңбегі – ауылдық жерде кәсіп ашып, заман та­лабына сай технологияны тиімді иге­рудің, мемлекет ұсынған қолдау тетіктерін орынды пайдаланудың жарқын үлгісі. Мұндай еңбекқор жандар ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, өзгелерге де жігер сыйлайтыны сөзсіз.