Ауданымыздың дамуы оң қарқынмен жалғасуда

0 18

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен Меркі аудандық әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Мұратбек Көкірекбаев, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен мекеме жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен аудан бюджетінің атқарылуы мәселелері қаралды.

Алдымен, аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов сөз алып, есепті кезеңдегі негізгі көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалып отыр.

Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 8,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы бойынша 32,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға өсім тіркелген. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,6 млрд. теңгеге жетіп, 108,4 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілді.

Аудан бюджетінің кіріс бөлігі де жоспардан жоғары орындалып, жалпы түсім 13,2 пайызға асыра орындалды. Ал, меншікті кірістер 134,2 пайыздық межеге жеткен. Тоғыз айдың ішінде 16 жоба жүзеге асырылып, 66 жаңа жұмыс орны ашылған.

Сонымен қатар, мәжілісте бірқатар өзекті мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, кейбір көрсеткіштердің орындалмауы, пайдаланылмай жатқан егістік пен жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, «Ауыл аманаты» және «Бірыңғай кешенді бағдарлама» жобалары аясындағы жұмыстардың толық орындалмауы мәселелері сөз болды.

Аудан әкімі жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.