Журналистика саласының сардары

0 19

Аптаның басы – дүйсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ журналистикасының сардары саналатын жерлесіміз Намазалы Омашевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Туған елдің тұғырлы перзенті» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.

Мерекелік салтанатты кештің алдында Намазалы Омашев пен зиялы қауым өкілдері аудандық Мәдениет үйі алдындағы Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр бабамыздың рухына тағзым етті.

Келесі кезекте, көпшілік қауым мен қонақтар Жанат Сүйімқұлова басқаратын аудандық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесінің ұйымдастыруымен дайындалған Намазалы Омашевтың ғы­лыми-публицистикалық еңбектері, моногра­фиялары мен мақалалары топтастырылған арнайы кітап және тарихтан сыр шертетін фотосуреттер көрмесін аралап, тек елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал жерлесіміздің өмірнамасымен кең танысуға мүмкіндік алды.

Намазалы Омашевтың құрметіне ар­налған арнайы іс-шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, елімізге танымал белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, арнайы шақырылған қонақтар, сондай-ақ, Омашев шығармашылығына қызығушылық танытатын жастар қатысты.

Әдеби-сазды кештің шымылдығын Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, жерлесіміз Оңал Азаматова әсерлі әнімен ашты. Сондай-ақ, «Меркі әуендері» ұлт-аспаптар ансамблінің мүшелері де өздерінің орындауларындағы әсем ән-күйлерімен кештің шырайын келтіріп, көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады.

Артық рет жарнамалауды қажет етпейтін Намазалы Омашұлының ізі өшпейтін еңбек жолына үңілсек, ол – отандық журналистика теориясының негізін қалаушылардың бірі. Алақандай Ойталдан түлеп ұшқан қыр баласы – Намазалы ағамыз 200-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың және 30-дан астам кітаптың авторы. 2002 жылдан Қазақстан Журналистика Академиясының, ал, 2003 жылдан Қазақстан Жоғары Мектебі Ғылым Академиясының толық мүшесі (академик), Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі. 2004 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты.

Көпшілік қауымның көңілін баурап алған кеш барысында Намазалы ағамыздың өмір жолын сахналық көріністер арқылы паш етіліп, ерек туған ер тұлғаның студенттік және еңбек жолынан сыр шертетін қойылымдар көрсетілді. Әсіресе, И.Трубицын атындағы №17 мектептің жас мамандары өздерінің өнерден де құралақан еместіктерін іс жүзінде көрсетіп, көркем көріністерді әсерлі жеткізе алды. Ал, аудан кітапханашылары ғалымның шығармаларын насихаттап, кеш мазмұнын барынша байытты.

Кездесу кешінің келесі поэтикалық арнайы бөлігінде ақындар – Есен Нүпбаев, Мадияр Ақпенов және Намазалы Омашевтың туған қарындасы, белгілі мәдениет қыз­меткері Жарқынай Омашева құрмет иесіне жүрекжарды арнау жырларын оқып, елім деген ер-азаматты ерекше ұлықтап өтті.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған мектептің оқушылары да мерейтой иесіне арналған өз арнауларын бар ықыластарымен оқып, кеш көрігін қыздыра білді. Олар қазақ өнерінің көрнекті өкілдері – Жүрсін Ерманның «Омашевқа ода», Нұрлан Айтұлының «Өрледің оза шауып тас қияға» атты терең толғамды туындысы және Қуаныш Әмірбектің «О» дегенің – Омашев» атты өлеңін мәнерлеп оқып, тұлғаға деген құрмет пен терең ілтипатты солайша жеткізді.

Міне, сахна төріне көтерілген кештің басты қонағы, мерейтой иесі Намазалы Омашевты Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып және ІТ университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов қызу құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қамбар Иманалиев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ауданның Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова да мерейтой иесіне деген ақжарма тілектерін арнап, қошемет көрсетті.

Келесі кезекте, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың орын­дауындағы Қонаев пен Асқаровтай ұлт қайраткерлерін ұлықтайтын патриоттық ән де кеш шырайын ашып, өзінше реңк бергенін айтып өткеніміз жөн.

Көпшіліктің санасына сәуле жү­гірткен кеш соңында сұрақ-жауап ай­дары ұйымдастырылып, көрермендер тарапынан қойылған түрлі сұрақ-сауалдарға Намазалы Омашев жан-жақты жауап беріп, өмірлік кредо-ұстанымдарымен кеңінен бөлісті.

Елім деген ерін ұлықтаған мерекелік кештің соңында аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы Жиенқұлов сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне құттықтау сөз арнап, шығармашылық табыстар тіледі. Өңір басшысы Намазалы Омашұлының ғылым мен журналистикадағы еңбегін жоғары бағалап, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатттады. Сонымен қатар, ата салтымыз бойынша мерейтой иесі мен кеш қонақтарына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетіп, денсаулық тіледі.