Жаны жырдан жаралған ақын

0 21

Қостоған ауылдық мәдениет үйінде елге танымал ақын, жазушы, журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Мейіркүл Әбжанқызының туған күніне арналған «Сағыныш» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

Кеш шымылдығы М.Жылысбаев атындағы №14 жалпы орта мектеп оқушыларынан құралған хордың орындауындағы ақын сөзіне жазылған «Болмасын соғыс, болмасын!» әнімен ашылды. Бұл туынды көрермендерге бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, ерекше әсер қалдырды.
Мейіркүл Әбжанқызының шығар­малары – нәзіктік пен терең ойдың, адамгершілік пен мейірімнің айғағы. Кеш барысында ақынның сырлы да сезімге толы өлеңдері оқылып, жырсүйер қауымның жүрегін тербетті.

Шараның құрметті қонағы, Қа­зақстанның мәдениет қайраткері, әнші Бағлан Бәбіжанова ақын рухына арнап «Әке» және «Мерейлі Меркім» әндерін орындады.
Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы сөз сөйлеп, Мейіркүл Әбжанқызының аудан мәдениетіне қосқан үлесін атап өтіп, өз естеліктерімен бөлісті.

Еске алу кешін ақынның ба­лалары мен бауырлары, сондай-ақ, М.Жылысбаев атындағы мектеп ұжымы ұйымдастырды. Шара соңында ауыл мешітінде құран бағышталып, ас берілді.

Халқы сүйген, елі қадірлеген қалам­гердің есімі – ұрпақ жадында, жыры – жүректерде мәңгі жаңғыра бермек.