Ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен кешкі және түнгі мезгілдерде рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Іс-шараға аудандық полиция бөлімі, аудан әкімдігі аппараты, ішкі саясат бөлімі, сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының мамандары қатысып, бірлескен бақылау жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында аудан орталығындағы ойын-сауық орындары, дәмханалар, мейрамханалар мен жастар жиі жиналатын басқа да нысандар тексерілді. Нәтижесінде ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүрген бірнеше жасөспірім анықталып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдалану фактілерінің алдын алу мақсатында да тексерулер жүргізілді.
Комиссия мүшелері ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен тәрбиелік жауапкершілік туралы ескерту жасап, құқықтық кеңес берді.
Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен олардың қауіпсіздігін сақтау бағытында маңызды рөл атқарады. Рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.