Тұрғындар тілегі – әкім назарында

0 30

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған халықпен тұрақты кездесулері бастау алды. Дүйсенбі күні алғашқы кездесу Меркі ауылдық округінде өтті.

Жиын барысында аудан әкімі соңғы тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде кеңінен баяндап, әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша аудан экономикасында оң өсім байқалып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақтылығын сақтап келеді. Әкім ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, рентабельділігі жоғары дақылдарды егудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, агросекторды әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және өнім сапасын арттырудың қажеттілігіне тоқталды.

Ербол Жұмабекұлы алдағы жос­парлармен де бөлісіп, әсіресе, Меркі ауылдық округінде ауыз су жүйесін толықтай жаңарту – басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Кездесуде тұрғындар көкейлеріндегі мәселелерін көтеріп, ауылішілік көшелерді кеңейту мен қоқыс полигонын реттеу сынды өзекті сұрақтарын қойды. Аудан әкімі барлық ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтып, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді.

Жиын соңында тұрғындар аудан әкімінің бастамаларына оң бағасын беріп, қолдау білдірді. Ербол Жиенқұлов жиыннан кейін азаматтарды жеке қабылдап, олар­дың өтініштерін тыңдады.

Осы күні аудан басшысы түстен кейін Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Мұнда да жергілікті мәселелер талқыланып, ауылдың даму бағыттарына қатысты ұсыныстар айтылды.

Келесі күні аудан әкімі Сарымолдаев және Ақтоған ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ербол Жұмабекұлы ауданның әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткіштерін ортаға салып, негізгі салалардағы жетістіктер мен жоспарларды баяндады.

Кездесулер барысында тұрғындар газ­дандыру, жол жөндеу және ауылдық амбулаторияға дәрігер тапшылығы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Бұл сұрақтардың барлығы бақылауға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімінің халықпен тұрақты кездесулері сәрсенбі күні Ойтал ауылдық округінде жалғасты. Мұнда Ербол Жиенқұлов округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Ойтал ауылында биыл бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталды. «Достық» саябағы толық жаңартылып, фонтан, жаяу жүргіншілер жолы мен балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ, мектеп пен балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, байланыс мұнарасы орнатылуда.
Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі барлық көтерілген мәселелердің назарда болатынын айтып, олардың шешілу барысын жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Сол күні түстен кейін Ербол Жұмабекұлы Ақарал ауылдық округінің халқымен кез­десті. Мұнда да ашық пікір алмасу өтіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Әкім көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, әрбір сұрақтың орындалуын қадағалайтынын айтты.