Қазыналы қарттар – қоғамның қастерлі тұлғалары, даналық пен парасаттың сарқылмас қайнары. 1-қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Меркі ауданында ардагерлерге құрмет көрсетуге арналған мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, қазыналы қариялардың мерейін үстем етті.
Алдымен, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов түрлі салада ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлермен арнайы жүздесті. Жылы жүздесу барысында аудан басшысы ақылгөй қарияларды мерекемен құттықтап, олардың ерен еңбегіне ризашылығын білдірді.
– «Қазыналы қарттарымыз – біздің елдік негізіміздің, рухани байлығымыздың басты тірегі. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз бен ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбектеріңіз біз үшін әрқашан үлгі. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді аудан әкімі Ербол Жиенқұлов.
Кездесу соңында аудан әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар табыс етіліп, ардагерлердің көңіліне қуаныш сыйлады.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев ұйымдастырылған шараға ризашылығын білдіріп:
– «Бұл – бізге көрсетілген үлкен құрмет. Қай жерде жүрсек те, осындай жылы сөздер мен ықыласты сезіну – біз үшін зор қуаныш. Жастардың бізге деген сыйластығы мен аудан басшылығының қамқорлығын көріп марқайып қалдық», – деп атап өтті.
Мерекелік шаралар одан әрі аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда да аудан әкімі жиналған қонақтар мен қазыналы қарияларға жылы лебізін білдіріп, мерекелік құттықтауын жеткізді. Қариялардың құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Белсенді ұзақ өмір» орталығы дайындаған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылардың көңіл-күйін көтерді. Көрермендер әуезді ән тыңдап, күй мен термеден рухани қуат алды.
Бұл игі іс-шаралар қазыналы қарттарымыздың өнегелі өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан еңбегіне деген шынайы ықылас пен алғыстың белгісі десек болады. Халықаралық қарттар күні аясында өткізілген осындай мазмұнды кездесулер үлкенге ізет көрсетудің, жастарға сыйластық пен құрметтің үлгісін паш етті.