Меркіде қоғамдық келісім сақталып, ауыл шаруашылығы өркендеуде

0 15

Меркі ауданында қоғамдық тұрақтылық пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сейсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы бағыттағы негізгі мәселелер қаралды.

Жиын барысында, алдымен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы сөз алып, аудандағы қоғамдық-саяси ахуал мен этносаралық қатынастардың жай-күйі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бүгінде Меркіде 30-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әлеуметтік келісімді нығайту үшін түрлі мәдени және патриоттық бағыттағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда 8 этномәдени бірлестік белсенді қызмет етіп, жергілікті тұрғындар арасында ынтымақ пен бірлікті арттыруға өзіндік үлесін қосуда.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге күн­де­лікті мониторинг жүргізу жолға қойылған. Бұл жұмыс арандатушылық сипаттағы ақпараттарға дер кезінде жауап қайтарып, қоғамда тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Бөлім басшысы атап өткендей, аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, келісім мен бірлік берік орныққан.

Кеңестің келесі бөлігінде ауыл ша­руашылығына қатысты мәселе талқыланды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаев жол картасының орындалу барысы туралы жан-жақты баяндама жасады. Оның мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жалпы көлемі 19 млрд. 171,6 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,3 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді.

Ауыл шаруашылығын қолдауға ба­ғыт­талған шаралардың ішінде негізгі ка­питалға 1,9 млрд. теңгеден астам ин­вестиция тартылғаны ерекше атап өтілді. Бұл қаржының арқасында егістік көлемі ұлғайып, минералдық тыңайтқыштарды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы тех­никаларын жаңарту жұмыстары қарқын алған. Мал шаруашылығында да оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, сүт, ет және жұмыртқа өндірісінде өсім тіркеліп, аудан экономикасына қосымша серпін беруде.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде ауыл шаруашылығын екі есеге ұлғайтуға бағытталған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстарды да әрдайым басты назарда ұстау қажеттігін жеткізді.

Осылайша, Меркі ауданында қо­ғамдық-саяси тұрақтылық пен ауыл шаруашылығы саласындағы даму қатар өріс алып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нә­тижесінде өңірдің әлеуеті артып, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына жол ашылмақ.