Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті қырық бесінші сессиясы өтті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы төрағалық жасаған сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары– Өмірбек Мейірхан Азатұлы мен Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме-ұжымдардың басшылары, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кезекті сессияның күн тәртібінде – «Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы», «Меркі ауданында жер ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануды жоспарлау бойынша атқарылған жұмыстар туралы», «Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Меркі Медиа орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің айлық жалақысына ынталандыру үстемақыларын белгілеу туралы», «Жер комиссиясының құрамы және комиссия ережесін бекіту туралы», сонымен қатар, «Меркі аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы», барлығы 5 мәселе қаралды.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Акек Ербол Базарбайұлы баяндама жасады.
Аудан аумағында орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 43 немесе 95,5 пайыз болса, қалған 2 елді мекен – Кеңес ауылы мен Шалдуар бекеті орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмағанын айтқан Ербол Базарбайұлы:
– Кеңес ауылының тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірленіп, оң сараптама қорытындысы алынды. Қазіргі таңда жалпы ауылішілік желілердің ұзындығы 17,0 шақырым құрайтын су желілерін орнату жұмыстары және су ұңғымасы мен су ұңғымасы нысанының құрылысы толық аяқталған. Ал, Шалдуар бекетін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаражаты қарастырылды. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесінде 2025 жылғы 9-шілдеде жеңімпаз мердігер «ARN Story LTD» ЖШС-гі танылды. Сондай-ақ, аудан аумағында тозығы жеткен су құбырларын жаңарту мақсатында да кей ауылдардв ҚМЖ жүргізілуде – деп, кең мәлімет берді.
Одан кейін күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының анықтамасын аудандық мәслихаттың депутаты Шынарбек Айғаным Өміржанқызы таныстырды.
– Аудан әкімінің қаулысына сәйкес, аудан аумағындағы су нысандары «Алатау су-жылу» мекемесінің теңгерімне берілген. Осыған байланысты зерделеу жұмыстары аталған мекеменің қызметімен танысудан басталды. Аталған мекеменің мәліметіне сүйенсек, аудан аумағындағы 17 811 жеке үй шаруашылығының 10707-сі, сондай-ақ, 201 заңды тұлға мен 92 мемлекеттік мекеме тұтынушылар қатарында. Ауыз судың 1 текше метрінің төлемақысы: жеке тұлғаларға – 116,96 теңге, заңды тұлғаларға – 240, 50 теңге, бюджеттік мекемелерге – 516,70 теңге, ал, су есептегіш құралы жоқ тұтынушылар адам басына – 537,92 теңге төлейді. Мекеме құрылғаннан бастап, яғни, 2023-2025 жылдары аралығында кәсіпорынның жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға жергілікті бюджеттен жалпы 294 млн. теңге бөлінген. Аталған қаражаттың игерілуі мен сатып алынған жабдықтардың сапасымен танысу барысында олардың техникалық құжаттама талаптарына толық сәйкес келетіні анықталды – деген Айғаным Өміржанқызы күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде бірқатар деректерді ортаға салды.
Келесі кезекте, мәслихат төрағасы Мұратбек Болысбекұлы мен депутаттар алдыңғы баяндамашыға өздерін мазалаған, алайда, халыққа да қажет сұрақ-сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алған соң, шешім жобасы негізге алынып, толығымен қабылданды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрпейісов Данияр Рыспайұлы баяндама жасады.
Данияр Рыспайұлы Меркі ауданы аумағындағы жер ресурстары туралы жалпы мәліметтерді талдап, жерді пайдалану тиімділігін саралай келе аудан аумағында жұмыс жүргізіп жатқан жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыстарын нақты мәліметтер мен цифрларға сүйеніп, кеңінен талдау жасады.
Сессияның келесі бөлігінде жоғарыдағы екінші мәселе бойынша зерделеу жүргізген аудандық мәслихаттың депутаты Әкетаев Ербол Аманжолұлы сөз алды.
Меркі аудандық мәслихатының 2025 жылға арналған бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында «Агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлікті дамыту, жер ресурстары және табиғатты пайдалану мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері тарапынан аудан аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау, сондай-ақ, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануды жоспарлау мәселелері бойынша жүргізілген жұмыстарға сүйенген Ербол Аманжолұлы бірқатар мәліметтермен таныстырды.
Бұл мәселе бойынша да депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде шешім толық қабылданды.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі басқа да мәселелер депутаттар тарапынан толық қолдау тапқан соң, тиісті шешімдер қабылданып, сессия өз жұмысын аяқтады.