Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады

0 9

Меркі ауданының делегациясы Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті.

Кездесу барысында облыс әкімі өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым дайын екенін айтып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, Қызылорда облысының бюджет көлемі 2022 жылы 364 млрд. теңгені құраса, бүгінде 823 млрд. теңгеден асып, 226 пайыздық өсімге жеткенін атап өтті. Бұл қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Сондай-ақ, өңірде биылдың өзінде 96 жоба қолға алынып, құрылыс саласына 166 млрд. 800 млн. теңге бөлінген. Нәтижесінде, Қызылорда облысы республика бойынша құрылыс жұмыстарының қарқыны жөнінен алдыңғы қатарда тұр.

Өз кезегінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов көрсетілген құрмет пен жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризм бағытында тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Жұмыс сапары аясында делегация Қызылорда қаласындағы жаңа әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандармен, жүзеге асқан жобалармен танысып, Сырдария ауданының Бесарық, Нағи Ілиясов ауылдарында болып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуымен және халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысты.

Бұл сапар – екі өңір арасындағы байланыстарды арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға, тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды қадам болды.