Бірлік пен татулық – ұрпаққа үлгі

0 11

Шу ауданында этносаралық келісім мен қоғамдық бірлік бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің белсенділігі мен түрлі этнос өкілдерінің ел бірлігін нығайту жолындағы үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Бүгінде ауданда тұрып жатқан 15-тен астам этнос өкілдерінің арасында өз саласында жетістікке жеткен, елге үлгі болар азаматтар аз емес. Олар – тек өз елінің ғана емес, ауданымыздың мақтанышына айналған тұлғалар.

Солардың бірі – түрік этносының өкілі Асланов Жұмали. Жақында өткен аудандық «Батагөйлер байқауында» ол 3-ші орынды иеленіп, өзінің салт-дәстүрге деген құрметін, үлкенге ізет, кішіге өнеге көрсете алатын қасиетін дәлелдеді. Мұндай байқаулар ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Сонымен қатар, күрд этносының өкілі Кахрамов Расул да – қазақ тілін еркін меңгерген, сауатты әрі білімді жас. Ол – түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, жастар арасында достық пен бірлікті дәріптеп жүрген қоғам белсендісі. Қазақ халқына деген құрметі мен туған еліне деген сүйіспеншілігі оның әр әрекетінен көрініп тұрады.

Шу аудандық Аналар кеңесі атынан біз мұндай азаматтарды мақтан тұтамыз. Олар – ел бірлігі мен достығының тірегі. Ұрпақ тәрбиесінде де, қоғам өмірінде де түрлі этностардың арасындағы татулық пен түсіністік – баға жетпес байлық.

Біз аналар әрқашан ел ішіндегі тұрақтылықты, татулық пен тәрбиені басты орынға қоямыз. Көпұлтты ортада өсіп келе жатқан ұрпаққа осындай үлгілі азаматтарды насихаттау – біздің міндетіміз.

 

Иманова Айжан Болатқызы
Шу аудандық Аналар кеңесінің төрайымы