Мерейлі отбасы – елдің тірегі

0 9

Жақсы отбасы – ел іргесінің берік тұғыры. Осындай өнегелі әулеттерді дәріптеп, жастарға тағылым болар кездесулер өткізу – рухани жаңғырудың бір көрінісі десек, артық айтпас едік. Осы орайда, Жамбыл ауылдық округі мен аудандық орталық кітапхананың Бірыңғай кітап қорын сақтау бөлімінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы аясында тағылымы мол бір шара өтті.

Ауыл жұртшылығымен өткен бұл жүздесу кешінің қадірлі қонағы – белгілі айтыскер ақын, суырыпсалма өнерінің шебері Өмірбек Қабыловтың қызы, өнер мен өнегені ту еткен дарынды жан – Өмірбекова Әшіркүл апа болды. Кеш «Мерейлі отбасы – елдің тірегі» деген атпен өтіп, қатысушылардың жүрегінен ерекше орын алды.

Кездесу барысында Әшіркүл апай өзінің өмір жолы, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі, отбасы құндылықтары және қоғамдағы рөлі жайлы мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Өнегелі ғұмыры мен парасатты пайымға толы әңгімелері жастарға зор тағылым берді. Сонымен қатар, әкесі − айтыскер Өмірбек Қабыловтың суырыпсалма өнері, қазақ айтысындағы орны мен шығармашылық жетістіктері де кеңінен айтылып, тыңдарман қауым поэзияның тылсым әлеміне енгендей күй кешті.

Кештің құрметті меймандарының бірі – Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова да кеш барысында айтыс өнерінің ірі тұлғасы, сөз зергері Өмірбек Қабылов туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, ақынның аза­маттық бейнесін, рухани болмысын тебірене еске алды. Оның сөз өнеріндегі дара жолын, ел ішіндегі беделін, әрі адамдық болмысын әсерлі жеткізіп, жиналған қауымды бір сәт өткен күндерге жетеледі.

Шара соңында ауыл тұрғындары мен кітапхана оқырмандары қонақтарға шынайы алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды кездесулердің жиі ұйымдастырылуына тілектестіктерін жеткізді.
«Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы аясындағы бұл игі шара отбасылық құндылықтардың, өнердің, тәрбиенің, әрі адамгершілік мұраттардың мәнін қайта жаңғыртқан ерекше кеш болды.