Меркі ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері әрдайым басты назарда. Осы аптада аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде осы екі маңызды бағыт – жұмыспен қамту саласы мен аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жағдайы жан-жақты қаралды.
Кеңесте алғаш болып баяндама жасаған аудандық «Мансап» орталығының директоры Ербол Дүйсебаев 2025 жылға қойылған міндеттер мен бүгінгі таңдағы көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4120 адамды тарту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 2121-і қамтылып отыр. Жұмысқа орналастыру жоспары 3355 адамды құраған болса, бүгінде оның 1610-ы тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылған. Бұл ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 30 адам жіберіліп, 264 адам онлайн оқудан өтіп, оның 258-і тиісті сертификатқа ие болған. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды игеріп, өз өмірін өзгерткісі келетін азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік. Бұдан бөлек, биыл 91 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған болса, оның 45-і қолдауға ие болып, жеке кәсібін бастауға жол ашқан.
Кеңесте қаралған екінші мәселе – аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жағдайына қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек баяндама жасады. Оның мәліметінше, қазіргі таңда аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 844,3 шақырымды құрайды. Аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2025 жылы аудан бойынша 24 көшенің 24,4 шақырым жолын жөндеуге 726,5 млн. теңге бөлініп, бүгінгі таңда Меркі ауылындағы Асқаров, Ахтамбердиев, Мұсабеков көшелері, Интернационал ауылындағы Новая, Бұлқышев, Арна көшелері және Андас батыр ауылындағы Қызыл еңбек көшесінде асфальт төсеу жұмыстары 90 пайызға дейін орындалған. Қалған көшелерде жол негізін нығайту, су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған жаңа жобаларға қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан өткізу жұмыстары басталған.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді, әсіресе, жастар мен әлеуметтік осал топтардың еңбек нарығына араласуына нақты қолдау көрсетуді тапсырды. Қысқа мерзімді оқыту курстарының тиімділігін арттырып, мемлекеттік грант иегерлерін тек бастапқы кезеңде ғана емес, жобалары табысты іске асқанға дейін жүйелі түрде сүйемелдеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстарының сапасын жіті бақылауда ұстауды, жыл соңына дейін жоспарланған барлық көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды және 2026 жылға ұсынылатын жобалар бойынша барлық құжаттарды уақтылы сараптамадан өткізіп, тиісті мемлекеттік бағдарламаларға ұсынуға дайын болуды жүктеді.