Меркі ауданында есірткімен күрес шаралары пысықталды

0 12

Жамбыл облысында «Есірткісіз болашақ» жобасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қадағалау күшейтілді. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл шараларының жай-күйімен танысты. Сапар барысында облыстық полиция департаментінің «Дельта-долина» арнайы бөлімшесі мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың есебі тыңдалып, нақты нәтижелер мен алдағы міндеттер сараланды.

Өткен жылы жүргізілген шаралар нәтижесінде жабайы қарасора өсетін 1 195 гектар аумақ анықталып, 1 000 тоннадан астам есірткі заты жойылған болатын. Ал, биыл бұл көрсеткіш едәуір артып, 4 514 гектар жерден 2 581 тонна қарасора шабылып, химиялық әдіспен көзін жою жұмыстары жүргізілді. Бұл – өңір мен көршілес аймақтарда есірткі айналымының алдын алуға үлкен әсер етті.

Прокуратураның бастамасымен құқық қорғау органдары, Құқықтық статистика департаменті, полиция, сарапшылар және дағдарыс орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, нәтижесінде, тергеу процестері жеделдей түсті. Меморандум күшіне енгеннен бері 35 қылмыстық іс бойынша сараптамалық қорытындылар шұғыл дайындалып, бір тәуліктің ішінде айыптау үкімдері шығарылған.

Сондай-ақ, синтетикалық есірткімен күрес те ерекше назарда. Бірлескен шаралардың арқасында оны өткізу фактілерін анықтау және тәркілеу көрсеткіші төрт есеге артқан. «Ақша ізін қуу» қағидаты негізінде 64 миллион теңгеден астам қаражат бұғатталып, есірткі саудасына қатысы бар 5 320 есеп айқындалды.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы билік арасындағы үйлесімділікті арттыруды, есірткі қыл­мыстарын жүйелі бақылауда ұстауды және профилактикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Облыс аумағында есірткімен күреске бағыт­талған ауқымды шаралар жалғасатын болады.