Сенбі күні Меркі ауданының орталығында, Қарасу өзені бойындағы арнайы алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өтті. Шараға жергілікті тұрғындар мен қонақтар белсене қатысып, сапалы өнімдерге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңкеге ауданымыздағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өздерінің табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынды. Сауда қатарларынан жаңа жиналған көкөністер, сүт өнімдері, бал, ет, бау-бақша өнімдері мен қолөнер бұйымдарын арзан бағамен сатып алуға жағдай жасалды.
Сонымен қатар, жәрмеңке аясында қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі ағаш, тері және жіптен дайындалған бұйымдар жәрмеңкенің сәнін келтіріп, келушілер тарапынан зор қызығушылық тудырды.
Мұндай іс-шаралар аудан тұрғындарын сапалы әрі жергілікті өнімдермен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін насихаттауға, кәсіпкерлерге өз тауарларын таныстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ішкі нарыққа отандық өнімді жеткізу ісіне де үлкен қолдау болары анық.