Бағаларға бақылау жүргізілді

0 20

Бұл орайда, Меркі аудандық Қоғам­дық кеңес те өз құзыреті бойынша аудан аумағында орналасқан азық-түлік дүкендеріндегі бағаларды зерделеп, жоғарыда айтылған 19 түрлі әлеуметік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ-тың) бағасын негізсіз жоғарылатпау бойынша түсіндірме жұмыстарын одан әрі жүргізу үстінде.

Осы аптаның сейсенбісі күні Меркі аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері – Нұрбек Жұманазаров пен осы жолдардың авторы Әлихан Нұралиев және ерікті жастардың тобы Меркі ауылдық округі аумағындағы «Рамазан», «Inkar», сонымен қатар, «Musa» және т.б. азық-түлік дүкендерінде болып, тауар бағаларына бақылау жүргізді.

Бақылау жұмыстары барысында дүкен иелері мен әкімшілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін 15 пайыздан жоғары асырмау бойынша кеңінен түсіндірілді. Оларға кері жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4 бабына сәйкес ішкі сауда субъектісінің сауда қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін асыруы – ескерту жасауға әкеп соғатыны, 1 жыл ішінде қайталап асырып жібергені үшін – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК, ал, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны туралы қатаң ескертілді.

Ағымдағы жылдың 11-мамырындағы Сауда және интеграция министрінің №166 бұйрығына сәйкес, егер, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасы негізсіз көтерілсе, азық-түлік дүкен иелеріне ескерту мен айыппұл салу жұмысымен Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті айналысатынын айта кетейік.

Аудандық Қоғамдық кеңестің жоғарыда аталған мүшелері қазіргі таңда ауылшаруашылығы науқандық жұмыстарының одан әрі жалғасып жатқанын ескеріп, Меркі ауылдық округінде орналасқан «ERK oil» және «Best oil» жанар-жағармай құю бекеттеріндегі бағаларға да бақылау жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.