Жақында Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов ауыл шаруашылығы науқанының барысын бақылау мақсатында Ақарал және Сыпатай батыр ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аудан басшысы өңірдегі іргелі шаруашылықтардың егістік алқаптарын аралап, еңбеккерлермен кездесті, агротехникалық жұмыстардың жай-күйін көзбен көріп, науқанның тиімді өтуіне қатысты нақты тапсырмалар берді.
Алдымен Ақарал ауылдық округіне аялдаған Ербол Жиенқұлов «Сейфулла» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда аталған қожалық 60 гектар жерді игеріп отыр. Оның 20 гектарына арпаның «Бәйшешек» сұрпы, 25 гектарына бидайдың «Стекловидная-24» сұрпы, ал, қалған 15 гектарға жоңышқа егілген. Қожалық басшысы Айдар Таировтың айтуынша, биыл ауа райы қолайлы болып, егін орағы әдеттегіден ерте басталған. Соның нәтижесінде, орақ жұмыстары аяқталуға жақын.
Өнімділік те жаман емес. Әр гектардан орта есеппен 400 келі арпа және 1 тоннаға жуық бидай жиналуда. Бұл көрсеткіш – ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Аудан әкімі шаруашылықтағы жұмыстардың талапқа сай жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтіп, агротехникалық талаптардың сақталуы мен еңбек өнімділігінің жоғары болуы басқа шаруашылықтарға үлгі екенін айтты.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізі. Сондықтан, әрбір шаруашылық өзінің мүмкіндігін толық пайдаланып, тиімді әрі сапалы жұмыс жүргізуі керек. Біз бұған нақты мысал бола алатын ұжымның жұмысымен танысып отырмыз, – деді Ербол Жиенқұлов.
Ақарал ауылындағы сапардан кейін аудан басшысы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын да аралады. Бұл шаруашылық аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі ретінде жыл сайын жоғары өнімділікке қол жеткізіп келеді.
Серіктестік биыл 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде, 250 гектарға жаздық арпа, 90 гектарға қант қызылшасы, 100 гектарға «Стекловидная-24» супер элита бидайы, ал, 10 гектарға «Стекловидная-24» Р-2 репродукциялы күздік бидай сұрпы егілген. Шаруашылық басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, жоғары өнім алу үшін Р-2, элита және супер элита санатындағы сапалы тұқымдар пайдаланылуда.
Аудан әкімі бұл шаруашылықтың да жұмысын оң бағалап, алдағы егін орағын тиімді ұйымдастыру, алынған өнімнің әрбір тоннасын тиімді пайдалану және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, маусымдық жұмыстарға дайындық пен еңбек тәртібін жүйелі ұстаудың маңыздылығына назар аударды.
Жалпы, Меркі ауданы ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізген өңірлердің бірі. Қазіргі таңда ауданда 103 мың гектар егістік алқап бар. Оның 29 200 гектары күздік бидайға, 25 мың гектары жаздық арпаға арналған. Биылғы егіс науқанына диқандар тыңғылықты дайындықпен кірісіп, мол өнім алуға үміт артып отыр.
Ел ырысын еселеп жатқан дала еңбеккерлерінің еңбегі әрдайым бағалауға лайық.