Меркіде ветеринар мамандардың еңбегі лайықты бағаланды

0 15

Меркі төрінде ерекше рух пен мазмұнға толы айтулы жиын өтті. Ветеринария саласының мамандарына арналған кәсіби мереке биыл облыстық деңгейде ұйымдастырылып, саланың бел ортасында жүрген білікті мамандар мен сала ардагерлері ерекше құрметке бөленді.

Мерекелік жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов, облыстық және аудандық мекемелердің басшылары, сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлы жиылған жұртқа Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың мерекелік құттықтауын жеткізіп, сала қызметкерлеріне ізгі тілегін арнады.

– Облыс бойынша бұған дейін жарамсыз деп танылған 75 ветеринариялық пункттің біреуі жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 44 нысанның құрылысы жүргізілуде. Ал, қалған 30 пункт келесі жылы бой көтереді. Сонымен қатар, ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл облыс көлемінде сала мамандарына 50 қызметтік көлік берілді. Жыл соңына дейін тағы 50, ал, келесі жылы 40 көлікпен қамтамасыз ету жоспарда. Бұдан бөлек, 1100 маман жазғы арнайы киіммен қамтылса, күзде дәл осындай көлемде қыстық формалар берілетін болады, – деді Ә.Тамабек.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары сала үздіктерін «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, бірқатар мамандар Жамбыл облыстық мәслихаты мен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының марапаттарына ие болды.

Өз кезегінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов та кәсіби мерекемен құттықтап, аудан көлемінде ветеринария саласына жасалып жатқан қолдау мен алдағы жоспарлар жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, өз ісіне адалдық танытқан бірқатар маманға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Мерекелік жиын өнерпаздардың тартуындағы әсем әнмен әрленіп, көрермен көңілін көтерсе, шара соңы ұлттық спорт түрлерінен өткен тартысты жарыстармен түйінделді. Әр ауданнан келген ветеринар мамандардан құралған командалар асық ату, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, арқан тарту және 50 келілік қапты көтеру секілді ұлттық сайыстарда сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

Бұл − ел азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген ветеринария саласы қызметкерлеріне көрсетілген үлкен құрметтің көрінісі екені сөзсіз.