Меркі ауданында ауылдық округтерді дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде бақылауға алынуда.
Осы мақсатта аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жұмыс сапарымен бірқатар елді мекендерді аралап, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.
Сапар бағыты алдымен Тәтті ауылынан басталды. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан типтік ветеринариялық пункт пен мал шомылдыруға арналған нысанның құрылыс барысы қаралды. Биыл қолға алынған бұл нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті.
Келесі нысан − Рысқұлов ауылдық округіне қарасты Интернационал ауылындағы спорт залы болды. Аудан басшысы бұл нысанның материалдық жағдайын бағалап, оны ұқыпты пайдалану және тиісті күтім қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Көкжиек көшесі мен жаңа тұрғын алқабына тартылған жолдың құрылысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Ербол Жұмабекұлы Қостоған ауылдық округіне де ат басын бұрып, ауылдағы мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының қарқынын бағалады. Тексеру барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша мердігер ұйымға ескерту жасалып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеттелді.
Сонымен бірге, округ әкімдігі ғимаратының, кіші футбол алаңының жағдайы, сондай-ақ, ауыл ішіндегі тазалық пен абаттандыру деңгейі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі округ басшылығына қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау, көркейту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімінің бұл сапары ауылдардағы инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік нысандарды тиімді пайдалану мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстардың қарқын алып келе жатқанын көрсетті.