Меркі ауданының әкімдігі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанған үлгілі отбасыларды арнайы қабылдап, құттықтау рәсімін өткізді. Бұл шара отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру және қоғам өміріне белсенді қатысатын үлгілі әулеттерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Ербол Жиенқұлов қабылдау барысында байқаудың маңыздылығын атап өтіп, жарысқа қатысқан барлық отбасыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, жеңімпаздарға ізгі тілегін арнап, олардың елге үлгі тұтарлық отбасы екенін ерекше атап өтті.
Биылғы байқаудың аудандық кезеңіне барлығы тоғыз отбасы қатысты. Арнайы комиссияның шешімі бойынша жүлделі орындар мынадай отбасыларға бұйырды: 1-орынды Меркі ауылының Шайхиевтер отбасы, 2-орынды Кеңес ауылының Тілеуішовтер отбасы иеленсе, 3-орын Ақарал ауылының Таировтар отбасына берілді. Жеңімпаздар облыстық кезеңге жолдама алды.
Аудан әкімі жеңімпаз отбасыларды құттықтап, оларға бағалы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев ардагерлер атынан жылы лебізін білдіріп, естелік сый-сияпаттар тапсырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау – отбасылық құндылықтарды сақтауға және дамытудың, сондай-ақ, қоғамдағы отбасы институтының орнықты болуына ықпал ететін маңызды шаралардың бірі. Осындай іс-шаралар арқылы аудан тұрғындары арасында отбасыға деген құрмет пен жауапкершілікті арттыру көзделеді.