Аудан әкімі БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

0 27

28-маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов БАҚ өкілдерімен арнайы кездесіп, жылы лебізін білдірді.

Кездесу барысында аудан басшысы жергілікті журналистиканың қоғамдағы орнына, ақпарат саласының өңір өміріндегі рөліне ерекше тоқталып, ел мен жер үшін адал қызмет етіп жүрген қалам иелерінің еңбегіне жоғары бағасын берді.

− Сіздер арқылы ауданның тыныс-тіршілігі, жетістіктері мен өзекті мәселелері халыққа жеткізіліп келеді. Қоғамдық пікірді қалыптастыру, ел ішінде оң көзқарас қалыптастыру жолында сіздердің үлестеріңіз зор. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін маңызды сала. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ербол Жиенқұлов.

Салтанатты басқосуда бірқатар сала үздіктері аудан әкімінің марапатына ие болды. Атап айтқанда, «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әлихан Нұралиев «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, ардагер журналистер мен қазіргі таңда белсенді қызмет атқарып жүрген тілшілерге, оның ішінде, «Меркі тынысы» және «Меркі ақиқаты» газеттерінің қызметкерлері мен «Меркі медиа орталығы» мамандарына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Шара соңында аудан әкімі ұжымды кәсіби мерекемен тағы да құттықтап, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт және халық сеніміне лайық еңбек тіледі.