«Көк көлде» өткен көңілді кеш

0 17

28-маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні «Салық тәртібі» газеті ЖШС құрамындағы бірқатар басылымдардың өкілдері – «Меркі тынысы», «Талас тынысы», «Мойынқұм таңы» және «Әулиеата» газеттерінің журналистері «Көк көл» демалыс аймағында бас қосты.

Шараның негізгі мақсаты – тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттық­тап, тынығу мен өзара пікір ал­масуға жағдай жасау. Табиғаты көркем, жанға жайлы «Көк көл» демалыс орнына жиналған қалам ұстаған қауым бір күнге тынығып, шығармашылық шабыттарын шыңдады.
Журналистер таза ауада серуендеп, спорттық ойындар ойнап, табиғат аясында емен-жарқын әңгіме құрды. Бұл басқосу әріптестік байланысты нығайтып қана қоймай, шығармашылық серпін берді.
Мереке иелерін ұжым басшылығы мен редакция жетекшілері арнайы құттықтап, еңбектеріне табыс пен шабыт тіледі.

Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары қыз­меткерлерінің басын қосқан мұндай бейресми форматтағы кездесулер – саладағы бірлікті арттырудың, ортақ мәселелерді талқылаудың тиімді жолы. Алдағы уақытта да мұндай шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табары сөзсіз.