Мемлекеттік қызметшілер күні (23-маусым), Қазақстан полициясы күні, Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі (24-маусым), сондай-ақ, Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні (28-маусым) сынды маңызды кәсіби даталарға орай, Меркі ауданында салалық құрылым өкілдері арасында тимбилдинг форматындағы спорттық-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – түрлі сала қызметкерлерінің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ұжымдық бірлікті арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу болды. Аудандық деңгейде тұңғыш рет өткен бұл шараға алты команда қатысты. Олар: аудандық мәслихат аппараты, аудан әкімінің аппараты, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Супер бөлімдер» командасы, ауылдық округтердің құрамасы және аудандық полиция бөлімі.
Қатысушылар арқан тарту, мас-рестлинг, қаппен секіру, скакалкамен секіру және орта доппен жарысу сынды қызықты әрі көңілді спорттық ойын түрлері бойынша бақ сынасты. Әр команда ойынға белсене араласып, ұйымшылдық пен шеберліктің, жеңіске деген құлшыныстың жарқын үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша, 1-орынды – аудандық полиция бөлімі жеңіп алса, 2-орынды – аудан әкімінің аппараты иеленді. Ал, 3-орынның тұғырынан – «Супер бөлімдер» командасы көрінді.
Іс-шараның салтанатты ашылуына аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, барлық сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы мемлекеттік қызметтің, құқық қорғау саласының және бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, ауданның дамуы жолында бірлесе еңбек етіп жүрген азаматтарға сәттілік тіледі.
− Бұл шара тек бәсекелестік емес, ең алдымен, әріптестік рухты күшейтіп, түрлі салалар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнатуға сеп болады. Мұндай игі бастамалар ұжымдарды жақындастырып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді, – деді аудан басшысы.
Шара барысында сергектік пен шаттыққа толы сәттер мол болды. Қатысушылар үшін бұл күн тек жарыс емес, көңілді демалыс, бір-бірімен танысу мен пікір алмасуға арналған ортақ алаңға айналды.