Ақ әжеме алғыс

0 22

Жақында Шерхан Нұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының мәжіліс залында «Ақ әжеме алғыс» атты марапаттау рәсіміне арналған дөңгелек үстел болып өтті.

Кездесуге облысымыздың әр ау­данынан аналар кеңесінің төрайым­дары мен мүшелері, ақ әжелер қатысты.

Оған Меркі ауданынан «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасының жү­зеге асуына үлес қосып, өз септігін тигізген ерікті әжелер, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова, Жамбыл ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Әшімкүл Өмірбекова, Меркі ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосыновалар арнайы шақырылып, марапатталды. Осы іс-шараға қатысушы барлық аналарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Келесі кезек ізгі тілек, құттық­тауларға келіп, сөз сөйлеген осы орталықтың басшысы Жасұлан Әбдіхалық жылы лебізін жеткізе келе: – Бұл әжелеріміздің үлкен жұмысына кішкене болса да өз тарапымыздан көмек көрсету деп қабыл алыңыздар, – деді.

Жылы лебіздерден соң кезек әсем әнге келіп, әжелерге өз алғыстарын ән шашумен жеткізу үшін арнайы келген Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, мәдениет майталмандары Бақыт Шағырбаев, Торғын Орынбаева, Айгүл Мақашова ақ жаулықты аналар туралы әндерін орындаса, Нұрлатбек Әзімбаев «Ерке сылқым» күйін тартты. Осы күйге ақ жаулықты әжеміз, Айжан ана халық би билеп, өз өнерін ортаға салды.

Ұйымдастырушылар әжелерді «Бір шәугім шәй» әнімен шәйға шақырды. Ақ дастархан басында ең алдымен, үл­кеніміз, қазыналы қариямыз, ақ әжеміз Қайнаркүл Татықұлова сөз сөйлеп, ғибратты әңгіме өрбітіп, ақ батасын берді. Әр ауданнан келген аналар бір-бірімен танысып, әңгіме-дүкен құрып, өзара пікіп алмасты.

Сөз соңында облыстық аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Аяғанқызы аналардың атқарып жатқан жұмыстарының сан алуан екендігін айтып, өз тарапынан ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Әжелер әдемі әндер шырқап, естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.