«Құлан таңы»: халықпен бірге 85 жыл

0 19

Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы аудан жұртшылығы үшін айтулы оқиғаға айналды. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, БАҚ басшылары мен ардагер журналистер қатысты.

Іс-шараға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы, республикалық «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов және өңірдің өзге де қаламгерлері мен ардагер журналистер арнайы келіп, басылым ұжымына жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл ашып, аудандық басылымның халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін айта келе, газеттің мерейтойымен ұжымды құттықтады.

– «Құлан таңы» – халқымыздың көзі, құлағы һәм тілі бола білген басылым. 85 жыл ішінде газет өз оқырмандарына ел ішіндегі маңызды жаңалықтарды, өзекті мәселелерді ұсынып, халықтың үнін жеткізе білді. Бұл – үлкен жетістік. Ұжымға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілеймін, – деді Қайрат Әбілханұлы.

Жиын барысында облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман сөз алып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар, басылым ұжымына жылы лебізін жеткізген «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы, «Salyq tartibi» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай арнайы кәдесыйларын тарту етті.

Мерейтойда «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов және ардагер қаламгерлер Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке, Тұрсынхан Жаманбаев газет тарихындағы естеліктерімен бөлісті. Олар соғыс жылдары жарық көрген басылым нөмірлерін еске алып, газеттің ел жадындағы орны жайлы сөз қозғады.

Мерекелік іс-шара барысында БАҚ саласының дамуына үлес қосқан азаматтар Алғыс хаттармен мара­пат­талды. Жиын соңы жергілікті өнер­паздардың концерттік бағдар­ламасына ұласты.

Сондай-ақ, аудан орталығында дартс (нысана көздеу), асық ату және дойбы сынды ұлттық және зияткерлік спорт түрлерінен «Құлан таңы» газетінің 85 жылдығына арналған спорттық жарыстар өтті. Дойбыдан Мұрат Өмірзақов (Тұрар Рысқұлов ауданы), дартстан Алихан Нұралиев (Меркі ауданы), асық атудан Ғалым Қасабай (Тараз қаласы) жеңімпаз атанды. Осылайша журналистер қауымы шығармашылықта ғана емес, саламатты өмір салтын ұстануда, ұлттық дәстүрді ұлықтауда да белсенді екендіктерін көрсетті.