Меркі ауданының Жамбыл ауылында тұратын Хавас Марсадыков – қарапайым дәнекерлеуші емес, өнерді кәсіпке айналдырған ерекше шебер. Ол темірді балқытып қана қоймай, оны оюлап, өрнектеп, нағыз көздің жауын алатын көркем дүниелер жасайды. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, шеберлік пен шыдамдылықты, ең бастысы, жүректен шыққан сүйіспеншілікті қажет ететін іс.
Хавас ағайдың қолынан шыққан әрбір темір қақпа – нағыз өнер туындысы. Сұранысқа ие болған бұл дүниелер жергілікті тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, ауылдағы үйлердің ажарын аша түскен. Жасалған әр бұйымның астарында үлкен еңбек, дәлдік пен талғам жатыр. Бұл – темірмен тілдескен нағыз шебердің қолтаңбасы.
Хавас Марсадыков осы кәсіппен соңғы екі жыл көлемінде айналысып келеді. Осы аз ғана уақыт ішінде ол тек өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, екі бірдей көмекшіні жұмыспен қамтып, оларды да кәсіби тұрғыда баулып жүр. Бұл – оның айналасындағыларға да қол ұшын беруге дайын жан екенін көрсетеді. Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, өндірісті ұлғайту – Хавас ағайдың басты мақсаттарының бірі.
Еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген осындай азаматтардың ісі – жастарға үлгі, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына тың серпін. Шебердің табандылығы мен өнерге деген сүйіспеншілігі – ел экономикасының алға басуына ықпал ететін шынайы күш.