Меркіде спорттық жартасқа өрмелеу чемпионаты басталды

0 20

Меркі ауданы – ерекше табиғатымен ғана емес, енді спорттық әлеуетімен де танылып келеді. 18-маусым күні Меркі аумағында алғаш рет еліміздің әр өңірінен келген спортшылар бас қосқан спорттық жартасқа өрмелеу бойынша Қазақстан чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Табиғат аясында өтетін бұл ауқымды дода – аудан тарихындағы жаңа белес қана емес, өңірдің туристік мүмкіндігін кеңінен насихаттайтын маңызды бастама.

Аталған чемпионатқа Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан 30-ға жуық кәсіби спортшы қатысуда. Олардың қатарында елге белгілі шебер альпинистер мен тәжірибелі спортшылар бар. Ашылу салтанатына Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұл – Меркі үшін үлкен мәртебе. Жарыс өңіріміздің танымалдығын арттырып, ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін береді, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Ресми бөлімде ҚР спорттық жартасқа өрмелеу бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Сергей Антольевич сөз сөйлеп, жарыстың тәртібі мен қауіпсіздік талаптарына кеңінен тоқталды.

Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар Сүйіндік шатқалына бет алып, жарыстың алғашқы кезеңіне кірісті. Шатқалдың таңдалуы да кездейсоқ емес. Мамандардың айтуынша, жартасқа өрмелеу спорты үшін Жамбыл облысында ең қолайлы табиғи бедер – дәл осы Меркі тауларында орналасқан. Табиғи бедердің күрделілігі спортшылардан жоғары кәсіби дайындық пен ерекше ептілікті талап етеді. Сол себепті жарыс алаңы қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталып, қауіпсіздік пен медициналық көмек шаралары қатаң сақталған.

Чемпионат үш күнге созылып, бірнеше кезең бойынша өтеді. Қатысушылар техникалық шеберліктерін көрсетіп, табиғатпен үндестік танытатын спорттық дайындықтарын сынамақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс алдағы уақытта дәстүрге айналып, халықаралық турнирлерге жол ашуы мүмкін. Бұл бастама ауданның туризм саласына тың серпін беріп, Меркі табиғатының сұлулығын елге кеңінен таныта түседі.

Табиғатпен үндескен спорттың осындай үлгісі арқылы Меркі жаңа қырынан ашылып, спорт пен туризмді ұштастырған өңірге айналуға қадам басты.