Меркіде шаңғы курорты салынады

0 14

Меркі – еліміздегі көне тарихымен ғана емес, табиғи сұлулығымен де танымал өңірлердің бірі. Бұл оны облысымыздағы туризмнің негізгі нүктелерінің біріне айналдырып отыр. Бүгінгі таңда жергілікті билік тарапынан осы мүмкіндікті барынша пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, биыл өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жоба қолға алынып отыр. Меркі шипажайы аумағында 50 миллион теңгеге визит-орталық салынып жатыр. Орталықта жергілікті өнімдер саудаланып, сегіз адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Сонымен қатар, тау шатқалында 300 миллион теңгеге демалыс аймағы, 700 миллион теңгеге екі форель шаруашылығы салынуда.

Тағы бір ауқымды инвестициялық жоба аясында Сұрат ауылы маңында демалыс аймағы салынатын болады. Жобаға 1,3 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 2028 жылға дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Онда глемпинг, бассейн, форель шаруашылығы және жылқы баптау қызметтері болады. Ал, 2026 жылы 12 миллиард теңгеге шаңғы курортын салу жоспарланған.

– Ауданымыздың аумағы арқылы өтетін ірі жолдардың бойында жанармай бекеттері, қонақ үй кешені, сондай-ақ, жеке кәсіпкердің 500 миллион теңгелік сервистік нысаны салынып жатыр. Барлық жобалар биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, – деді Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңындағы баспасөз мәслихатында.

Аталған бастамалар Меркі ауданының туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірлік экономиканы дамытуға зор үлес қоспақ.