Меркі ауданындағы Орталық стадион халықаралық дәрежедегі ауқымды спорт додасының алаңына айналды. «Батырлар айқасы» атауымен өткен еркін күрестен жолдастық кездесу көрермендердің делебесін қоздырып, қос ел – Қазақстан мен Қырғызстанның үздік балуандарын боз кілемде тоғыстырды.
Алты салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен балуандар арасындағы бұл кездесулер – достық туын желбіретіп қана қоймай, спорттың шын мәніндегі тартысы мен шеберлігін паш еткен сайыс болды. Кеш қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы қарсыластарынан 5:1 есебімен басым түсіп, өз жанкүйерлерін қуантты.
79 келі салмақта күш сынасқан Дәулет Ергеш қарсыласы Бекзат Жамбуловты басымдықпен жеңіп, жеңісті мерзімінен бұрын еншіледі. Ергештің техникалық артықшылығы мен тактикалық шеберлігі көпшілікті тәнті етті.
Ал, 86 келіде ел намысын қорғаған Нұрдаулет Қуанышбай қырғыз балуаны Стамбул Жаныбек уулына еш мүмкіндік қалдырмай, таза жеңіс тіркеді. Бұл кездесуде Нұрдаулеттің физикалық дайындығы мен күрестегі икемділігі ерекше көзге түсті.
Тартысты сәттердің бірі – 70 келі салмақтағы Мейіржан Әшіров пен Адилет Жапаркулов арасындағы белдесу болды. Әр кезең сайын шиеленісе түскен айқас барысында Әшіров шебер қорғаныс пен батыл шабуылдың үйлесімін таба білді. Соңғы секундтарда жасалған шешуші әдіс оған жеңіс сыйлады.
Сонымен қатар, Базарбаев Мерей мен Дастанбек Өсімжан да өз қарсыластарын сенімді жеңіп, командалық есептегі Қазақстанның басымдығын арттырды. Жарыс барысында тек Қуанышбай Ердос қырғыз балуаны Таалайбек уулы Омурбектен жеңіліп, жалғыз ұтылысты тіркеді.
Алайда, бұл жарыстың ең басты жеңісі – елдер арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықтың нығаюы болды. Шараны тамашалауға келген көрермендер мен қонақтар балуандардың ерік-жігері мен күрес өнеріне тәнті болып, жеңімпаздарды қошеметпен шығарып салды.
Жолдастық кездесудің мақсаты – тек мықтыны анықтау емес, сонымен қатар, жастарды салауатты өмір салтына баулу, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және халықаралық тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Меркі төрінде өткен бұл спорттық кеш – өңірдегі спорт саласының серпінді дамып келе жатқанын айғақтай түсті.