Елдіктің айғағы

0 23

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудан әкімдігі ғимаратының алдында салтанатты рәсім өтті.

Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, жиналған жұртшылық бір тудың астында сап түзеп, еліміздің Мемлекеттік Әнұранын бірге шырқады. Шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, жастар мен ардагерлер қатысты.

Бұл – Ту, Елтаңба және Әнұран сияқты басты рәміздеріміздің ел санасындағы маңызын арттырып, халықтың отансүйгіштік рухын күшейтетін ерекше күн.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, бұл шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің құндылығын насихаттау, ел бірлігін бекемдеу және жас буынның бойында патриоттық сезімді қалыптастыру болып табылады.

Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні – 1992 жылы бекітілген Ту, Елтаңба және Әнұранның ел тарихындағы алатын орны мен мәнін айшықтайтын ерекше күн. Осы мерекені атап өту арқылы ел азаматтарының бойындағы ұлттық рух, бірлік пен берекеге деген сенім одан әрі беки түсетіні сөзсіз.