Республика жеңімпазы: табысқа жеткен жол

0 46

Киелі Қостоған ауылындағы білімнің қара шаңырағына айналған Мақсұт Жылысбаев атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектебі талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған аяулы білім ордасының биылғы түлегі Жолшыбек Диас білім шыңында үздік атанған дарынды жас.

Осы уақытқа дейін ол жас та болса биіктерден көрініп, білім деңгейі мен шығармашылығы сынға түсетін облыстық және республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Оның жетістікке жетудегі басты қағидасы – үздіксіз даму және өзіне деген сенім.

Талантты жас жуырда Республикалық ғылыми жобалар конкурсының Рес­публикалық кезеңінде қоғамдық-гуманитарлық бағыт этномәдениеттану секциясы бойынша «Қазақ халқының табақ тарту дәстүрі» атты тақырыпта І дәрежелі диплом мен Алтын медальды иеленіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2025-2026 оқу жылына бір жылдық грант иегері атанды.

Әрбір жеңістің артында тынымсыз еңбек, табандылық және үлкен күш-жігер жатыр. Республика көлемінде өткен байқаулар мен жарыстарда үздік атану – тек дарынның ғана емес, сонымен қатар, қажырлы еңбектің нәтижесі.

Ж.Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал, баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын – оқыту мен тәрбие.

Осы орайда, зерттелгелі отырған ғылыми жобалар, шығармашылық жұ­мыстар немесе зерттеу тақырыптарын таңдауда мектеп басшысының бағыт-бағдары білім алушының болашақ жетістігіне ықпалы зор.

Бұл үдерісте ғылыми жобаның тақырыбын таңдау – зерттеу жұмы­сының ең маңызды және жауапты, шығармашылық жолындағы алғашқы әрі маңызды кезеңдерінің бірінде мектеп басшысы Мұратова Гүлжамал Альметқызы қазіргі таңдағы біртұтас тәрбие негізінде тақырып ұсынып, дұрыс таңдалған тақырып жобаның сәттілігін қамтамасыз етіп, білім алу­шының қызығушылығын арттырды.
Сондықтан, мектебіміздің басшысы Мұратова Гүлжамал Альметқызы білім алушының сенімді жетекшісі мен қол­даушысы бола білді.

Дарынды жастың іскерлік дағ­дыларын және білімқұмарлық талап-жігерлерін жетілдіруде білімін шыңдаған, уақыт талабына сай Диас сынды мәдени деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірт әзірлеуде талмай еңбек етіп жүрген ұстазы тарих пәнінің мұ­ғалімі, педагог-зерттеуші Жүндібаева Алтынай Құлымбетқызы.

Сан түрлі сындарлы, келелі жұ­мыстардың ұйытқысы болып жүрген ұлағатты ұстаздан тәлім алған дарынды жастың болашағы жарқын боларына сеніміміз мол.

Республикалық жеңіс – бұл үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі. Біздің жеңімпазымыз тек өзінің ғана емес, барша елдің мақтанышы. Оның жетістігі – өзге жастарға жігер беріп, арманға жету жолында сенім ұялататын жарқын мысал. Жеңімпаздың болашақта да биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз!

Дарынды балалармен жұмыс істеу үнемі жетілдіруді, жаңашылдықты талап етеді. Осыған орай, мектебімізде қазіргі білім беру жүйесімен дарынды балалармен жұмыс үздіксіз дамып, жаңа бағыттармен толықтырылып, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр.