Бақытты бала – бақытты ел

0 18

Жаздың алғашқы күні – 1-маусымда аудан орталығы шаттық пен қуанышқа бөленді. Балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты бала – бақытты ел» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара балалардың көңілін көтеріп, ұмытылмас әсер сыйлады. Алаң түрлі-түсті шарлармен, гүлдермен көмкеріліп, ертегі әлемін елестеткендей әсер қалдырды. Бұл күні балалар тек көрермен емес, сахна төріндегі басты кейіпкерлерге айналды.

Мерекелік шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Жамбыл облысы бойынша ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы Сұлушаш Құрманбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, білім саласының ардагерлері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мектеп ұйымдары мен балабақшалар балалардың өнері мен шығармашылығын паш ететін түрлі көрмелер ұйымдастырды. Қолөнер бұйымдары, суреттер, әдеби бұрыштар және тақырыптық инсталляциялар жиналған жұрттың назарын аудартты. Ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар балғындарды шат күлкіге бөлеп, оларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік концерт «Гаухар» би тобының нәзік әрі шебер қозғалысымен ашылып, сахнаның сәнін кіргізді. Ауданымыздың өнерлі оқушылары ән мен биге толы өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Балабақша тәрбиеленушілерінің сүйкімді билері мен тақпақтары да шараның көркін аша түсті.
Сахна төріне биыл түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарған ауданымыздың озат оқушылары көтеріліп, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Олардың же­тістіктері – ауданымыздың білім сала­сындағы жеткен биігі мен жарқын болашағының кепілі.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов ба­лаларды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнап, үздік оқушыларға демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табыс етті. Бұл – жас буынның тал­пынысын бағалаудың, олардың бо­лашағына сенім артудың нақты көрінісі.
Балалар күлкісі мен қуанышы араласқан бұл мереке – келешекке деген сенімді, үміт пен ізгілікті еселей түсті. Аудан тұрғындары мұндай игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табарына сенімді.