Сыбайлас жемқорлықпен күресу, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бүгінде әлемнің саяси құрылымы әртүрлі барлық елдері үшін ортақ міндет. Бұл – мемлекеттің тұрақты дамуына, халықтың билікке деген сеніміне тікелей әсер ететін маңызды мәселе.
Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, пара алу мен беру, парақорлыққа делдал болу, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену секілді құқық бұзушылықтар – бәрі де сыбайластық байланыстардың негізінде туындайды. Сол себепті де мұндай қылмыстармен жүйелі әрі кешенді күрес жүргізу – уақыт талабы.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 2-ақпандағы Жарлығымен 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді. Аталған құжатта жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген.
Қазіргі таңда елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар негізінде кешенді заңнамалық база жұмыс істеп тұр. Осы заңдардың аясында еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде, Меркі ауданында да бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Меркі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия 34 басшы құрамынан құралған. Комиссия отырысы тоқсанына кемінде бір рет өтіп, онда өзекті мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар беріліп отырады.
Соңғы үш жылда аудан көлемінде сыбайлас жемқорлық деректері тіркелмегенін ерекше атап өткен жөн.
Аудан аумағындағы облыстық және аудандық мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жүйелі түрде сауалнамалар жүргізіледі. Сонымен қатар, халық көп жүгінетін жер қатынастары саласында барлық жер комиссиясы мен жер конкурстары бейнетүсірілім арқылы жазылып, қажет жағдайда тікелей эфирде көрсетіледі.
Кадр мәселесінде де ашықтық пен әділдік қағидаттары басты назарда. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелерге қызметке қабылдау конкурстары ашық жәрмеңке түрінде өткізіліп, әлеуметтік желі арқылы тікелей көрсетіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдарында аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 10 мақала жарық көріп, 7 билборд орнатылды. Сонымен қатар, барлық мекемелер мен ғимараттарда арнайы плакаттар ілінген.
Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекеттерге жол берген мемлекеттік қызметкерлер тіркелген жоқ.
Аудандық қоғамдық кеңес пен мәслихат депутаттары да бұл мәселеге ерекше мән беріп, өздерінің бекітілген комиссия отырыстарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайын тұрақты түрде талқылап отырады.
Қорытындылай келе, Меркі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, тікелей менің жеке бақылауымда екенін атап өткім келеді.