Ұлы ақынға тағзым – ұрпақ парызы

0 22

Биыл қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Осыған орай, Меркі ауданында ерекше рухани кеш – ашық аспан астында акус­тикалық форматта өткен «Абай мұра­сына тағзым» атты мәдени шара ұйым­дастырылды.

Кешке Жамбыл облысының түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, өнерпаздар мен ұстаздар қауымы қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – ұлы Абайдың мәңгілік мұрасын жастар санасына сіңіру, оның өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттау болды.

Ашық алаңда өткен кеш ерекше атмосферада өрбіді. Сахна Абай әлемін бейнелейтін көркем экспозициялармен безендіріліп, аудандық орталық кітап­хана қызметкерлері ұсынған ақын шығармалары көрмесі көпшіліктің қызығу­шылығын тудырды. Кештің шымыл­дығын Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ре­сурстық орталығының дирек­торы Айбек Кадралиев ашып, жастарды Абайды оқуға, оның идеяларын бойға сіңіруге үндеді.

Кеш барысында Абайдың сыршыл әндері шырқалып, поэтикалық қойы­лымдар сахналанды. Өнерпаздар Амантай Аманқос пен Нұрғиса Ратаев­тың орындауындағы Абай әндері тың­дарманды терең тебіреніске бөлесе, мектеп мұғалімдері сахналаған «Абай жолындағы» Тоғжан мен Абайдың кездесуі көрермен ықыласына бөленді.

Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақынның философиялық терең қара сөздерін, жүрекке жететін өлеңдерін жатқа оқып, кештің мазмұнын байыта түсті. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы Абай мұрасын кеңінен насихаттап жүрген жастар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, құрметке бө­ленді.

Кештің шарықтау шегі – алау жа­нында орындалған Абай әндері болды. Жастардың бірге ән шырқап, ойшыл ақынның мұрасына шын ықыласпен үңілген сәті шараның мәнін арттырды. Бұл – өскелең ұрпақтың ұлы мұраны жүрекпен түсінуге бет алғанының айқын белгісі.

Осындай ерекше форматтағы кеш жастардың рухани жаңғыруына, ұлттық құндылықтарды терең түсінуіне жол ашып, Абай әлеміне тағы бір мәрте сапар шектірген әсерлі кеш болды. Ұлы ақынға тағзым – тек еске алу ғана емес, оның ой-өрісін, парасат мектебін келешекке жеткізу. Бұл – әрбір саналы ұрпақтың қастерлі борышы.