Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Меркі аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Өз сөзінде аудан басшысы мәдениет қызметкерлерінің ел руханиятын сақтап, дамытудағы маңызды рөліне тоқталып, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ, мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарына құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Ең алдымен, «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енген Ойтал ауылының ардагер ұстазы, «Күміс алқа» иегері Шакизат Бегімқұловаға арнайы энциклопедия мен куәлік табысталды.
Мәдениет саласында көпжылдық қызмет атқарған, қоғамдық өмірге белсене араласқан азаматтар қатарынан «Естелік» ардагерлер хорының жетекшісі Ольга Кисельман мен «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің аккомпаниаторы Бейбіт Шошабаев «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мәдениет саласының ардагері Доқтыркүл Сырлыбаеваға, аудандық тарихи-өлкетану музейінің кассирі Саракүл Нұрмановаға, аудандық кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Жамила Жұмалиеваға және «Меркі әуендері» ансамблінің аккомпаниаторы Мадияр Шалабаевқа табысталды.
Ал, аудан әкімінің Алғыс хатымен зейнеткер Нұркүл Нүсіпова, «Бейнекомобиль» автокөлігінің жүргізушісі Абузар Исмаилов, ансамбль аккомпаниаторы Мәдина Оспаналиева, аудандық аурухана кітапханасының қызметкері Лаура Көпбаева және Ақтоған ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Нұрдәулет Исатаев марапатталды.
Сала мамандарына көрсетілген бұл құрмет – олардың рухани даму жолындағы табанды еңбегінің жемісі. Өнер мен білімге адалдық танытқан жандардың қызметі ел есінде әрдайым жоғары бағаланып келеді. Мәдениет – ұлттың рухани өзегі болса, оны дамыту жолындағы еңбек иелері – елдің нағыз жанашырлары.
Жиын барысында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Күлайым Шағатаева да бірқатар мәдениет қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.