Тыл ардагері Сырға Қапароваға құрмет көрсетілді

0 26

8-мамыр күні аудан әкімі Ербол Жиенқұлов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Меркі ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Сырға Қапарова апаның шаңырағына арнайы барып, мерекелік медальды салтанатты түрде табыстады. Ардақты ананың жанарына жас ұялатқан бұл сәт – өткен күннің тарихына тағзым мен бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін бағалаудың бір көрінісі болды.

Аудан басшысы абзал ананың иығына ақ жаулық жауып, арнайы сый-сияпатын тарту етіп, ізгі тілектерін жеткізді. Ербол Жұмабекұлы ардагер апаның ел үшін еткен еңбегіне, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі жолына айрықша тоқталып, халқына жасаған адал қызметі үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде Сырға Қапарова апа да шынайы ризашылығын білдіріп, ел басшыларына ақ батасын арнады. Қарияның шын көңілден шыққан ақ тілегі мен алғысы – өскелең ұрпаққа рухани мұра, тағылымды сабақ.

Сонымен қатар, аудан әкімі апаның қос немересіне де Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған белгі-таңбаларды естелікке табыстап, «Отанға қызмет ету – ең үлкен ерлік. Сендер де елдің арқа сүйер азаматтары болыңдар!» деген жүрекжарды тілегін жеткізді. Бұл – өскелең ұрпақ бойында елге деген сүйіспеншілік пен рухани сабақтастықты сіңірудің жарқын мысалы болды.

Сырға Қапарова апа 1932 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңде ер азаматтар майданға аттанғанда, тылда бел жазбай еңбек еткен жандардың бірі болды. Қызылша алқабында күні-түні тыным таппай жұмыс істеген балауса қыз, кейін үлкен әулеттің алтын діңгегіне айналды. Отбасы мен бала тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап, 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 12 немере мен 23 шөберенің қызығына кенеліп отыр.

Сырға апаның өмір жолы – қарапайымдылықтың, төзімділіктің және еңбекқорлықтың шынайы үлгісі. Оның тағдыры – тұтас бір дәуірдің бейнесі, ал, өнегесі – ұлт рухын көтеретін қасиетті мұра.

Ұлы Жеңіс – ұмытылмас ұлық тарих. Ал, сол жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлері мен майдангерлерге құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз, азаматтық парызымыз. Ардагерлерге тағзым – елдіктің белгісі, мәңгілік Тәуелсіздіктің тұғыры.