Береке бастауы – бірлік, ырыс алды – ынтымақ

0 30

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Меркі аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында шынайы қуаныш пен достыққа толы мерекелік шара өтті. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір арнаға тоғыстырған бұл айтулы жиын жүректерге жылылық ұялатып, татулық пен бейбіт өмірдің маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.

Бұл күні орталық алаңы сан түрлі мәдени бояумен әрленіп, көрермендерді ұлттық рух пен мәдениетке жетелеген ғажайып әлемге айналды. Мерекелік іс-шара аясында қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, татар, тәжік және украин ұлттарының ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге келген қонақтар әр халықтың дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін бұйымдармен танысып, ұлттық дәмнен ауыз тиіп, рухани байлықтың қадіріне жетті.

Мерекенің көркін концерттік бағдарлама аша түсті. Әр ұлттың өнерпаздары ұлттық ән мен күйді, би мен дәстүрлі өнерді шеберлікпен ұсына отырып, көпұлтты еліміздің татулығын өнер тілінде жеткізді. Сахна төрінен төгілген әсем әуендер мен жарқын билер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік кешті нағыз достықтың думанына айналдырды.

Салтанатты жиын барысында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтады.
– Бұл мереке – ұлт пен ұлыс арасындағы сыйластықтың, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің айқын көрінісі. Біз көпұлтты мемлекет ретінде ұлтаралық келісімді сақтау арқылы тұрақтылық пен даму жолында нық қадам басып келеміз. Бейбітшілік пен татулық – еліміздің басты құндылығы, – деді ол өз құттықтауында.

Сонымен қатар, орталық директоры Қалдыбай Алмабаев та қонақтарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мерекелік кешке орталықтың қызмет алушылары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысып, ортақ қуанышқа бөленді. «Бірлік – елдің тұғыры, татулық – халықтың тұтқасы» деген аталы сөздің терең мәні дәл осындай жарқын кездесулерде айқын көрініс табатыны анық.
Бұл күн тек мерекелік көңіл-күй емес, ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметтің, татулықтың биік үлгісін танытқан айтулы шара ретінде есте қалды.