ӘМСҚ өкілдері Меркі аудандық аурухана ұжымымен кездесті

0 55

Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында зейнетақы және өзге де әлеуметтік аударымдардың кешіктірілуіне байланысты ұжыммен кездесу өтті. Бұл жиын ҚР Денсаулық сақтау министрі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) Басқарма төрағасының тапсырмасымен ұйымдастырылып, оған Қордың орталық аппаратынан келген делегация, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында медицина қызметкерлері тарапынан жалақы мен зейнетақы аударымдарының кешіктірілуіне байланысты сұрақтар қойылды. ӘМСҚ өкілдері Қордың негізгі міндеті – медициналық ұйымдарды қаржыландыру екенін, ал еңбек қатынастары мен ішкі басқару процестері тікелей мекеме басшылығының құзыретінде екенін атап өтті.

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан ауруханадағы қазіргі жағдайға тоқталып, ішкі қаржылық жоспарлау мен менеджментке қатысты мәселелер бар екенін жеткізді. Аурухана басшысының міндетін атқарушы Әнел Мухаева да бұл пікірді растады. Оның айтуынша, ӘМСҚ тарапынан төлемдер уақытылы түсіп отыр, ал түскен қаражат ең алдымен ұжымға жалақы төлеуге бағытталады. Жалақы заңда көрсетілген мерзім – әр айдың 10-ына дейін төленіп келген. Алайда зейнетақы аударымдарына қатысты 2024 жылдың қазан-желтоқсан айлары үшін төлемдер тек 2025 жылдың қаңтарында жүзеге асырылған.

Жамбыл облысы бойынша ӘМСҚ филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, 2024 жылы Қор мен Меркі аудандық ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 млрд теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Өткен жылдың соңында Қор бұл міндеттемелерін толық орындаған. Ал 2025 жылға арналған келісімшарт көлемі – 4,69 млрд теңге. Соның ішінде 1,3 млрд теңгеден астам қаржы қазірдің өзінде аударылды: қаңтар айында – 675 млн теңге аванс берілсе, наурызда – 327 млн, сәуірде – 335 млн теңге аударылған. Бұл сандар Қор тарапынан қаржыландырудың тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Кездесу барысында ӘМСҚ өкілдері қор қызметінің бағыттарын – жарналар мен аударымдарды жинау, медициналық қызметтерді сатып алу, ақы төлеу тәртібі, қаржыландыру кезеңдері туралы кеңінен ақпарат берді. Қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қордың өңірлік филиалы Меркі аудандық ауруханасының «1С бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне интеграциялау жұмыстарын бастады. Бұл жаңашыл қадам медицина қызметкерлеріне еңбекақы мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленуін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында ӘМСҚ өкілдері Қордың медициналық қауымдастықпен ашық және сындарлы диалог жүргізуге әрдайым дайын екенін жеткізіп, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.