Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру және ауданның архитектуралық келбеті туралы маңызды мәселелер қаралды.
Кеңесте аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Асан Пшаев 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндама жасап, биылғы көктемгі кезеңге 148 азаматты әскерге жөнелту жоспарланғанын мәлімдеді. Оның ішінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жоспарланған 20 азаматтың орнына 21 азамат жөнелтіліп, бұл бағыттағы жоспар 105 пайызға орындалған. Қалған күштік құрылымдарға жас сарбаздарды жіберу жұмыстары жалғасып жатыр.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, ауылдық округтер бойынша бекітілген жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына нақты тапсырды.
Кеңесте қаралған келесі мәселе – ауданның архитектуралық келбеті. Құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев аудандағы әлеуметтік нысандардың жобалық сызбаларын ұсынып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Алайда, аудан әкімі атқарылып жатқан істердің әлі де жүйесіз екенін айтып, ауданның сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстарды сынға алды. Бұл бағытта нақты нәтиже көрсету қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, Ербол Жұмабекұлы аудан аумағында тазалық пен абаттандыру мәселелеріне де ерекше назар аударып, қоғамдық орындардың тазалығы мен көріктендірілуі бағытында барлық мекеме мен бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.