Ақын Шырын Мамасерікованың өмірлік пайымы мен уайымы, мейірімі мен үміті, сұхбаты мен сыры бар. Ол өзінің тағдыры мен табиғатын елдік мұрат-мүддемен сабақтастыра білген.
Ақын Күләш Ахметова
Кезіндегі қазақ-совет, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық әдебиетте орындары ерекше Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Айша Көпжасарова мен Күләш Ахметова сынды хас ақындармен қатар басқан һәм олармен тең дәрежеде иық теңестірген десек, заңды бағасын бергендік деп қабылданатын Шырын Мамасерікованы 80 жасына орай ұлықтау іс-шаралары өз жалғасын табуда.
Иә, Шырын ақынның поэзия әлемі өзінше бір кеңістікті түгел қамтып, онда жиналған жыр дестелері өзгеге ұқсамас ерекше реңк пен хош иіске ие екенін білеміз. Сол себепті, ақын қызымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында бағамдап, байқағаным – ауданымыз бен облыс аумағында Шырындайын жыр шайырын асқақтатқан Шырынтану ілімінің ел ілтипаты арқылы бастау алып кеткені дер едім. Расында солай.
Осы орайда, өткен бай бейсенбі күні №22 ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Перуза Батырбекова мен мектептің кітапханашысы Шомбаева Света Сағындыққызының ұйымдастыруымен, «Нәзік нақыш өрнегі, арнау сөздің шебері» атты Шырын Мамасерікованың құрметіне арналған тәлімді кеш болып өтті.
Ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ құндылығын болашаққа аманаттауға қауқарлы саналатын «Даналық мектебі» бөлмесінде өткен кездесу кешіне өлеңі мен өмірі елге таныс Шырын Бөкейқызы, мектеп директоры Бектұрғанов Бауыржан Тілешұлы, Шырын апаларының шығармасына барынша ғашық педагогтар мен жырсүйер мектеп оқушылары қатысты.
«Нәзік нақыш» атты көздің жауын алар әсем кітап көрмесі ұйымдастырылып, ә дегенннен емен-жарқын форматта басталған кешті жүргізуші, мектептің музыка пәнінің мұғалімі Шөпшекбай Диас Үсенұлы:
–Көкірегіне құс ұя салған иісі қазақтың ақын қызы Шырын Мамасерікова апамыздың лирикаға толы нәзік жырларымен сусындап келеміз. Киелі Тараз өңірінен қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақыны атанған Шырын Бөкейқызының есімі бізге етене таныс. Ол кісінің жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақын толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы да сан түрлі. Сыршыл ақын – Шырын апа жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді – деп, ақын өмірбаянымен таныстырған соң, сөз кезегін мектеп директоры Бауыржан Бектұрғановқа ұсынды.
Шырын Мамасеріковаға әдебиет әлемінде қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы арқылы, әсіресе, жас буын өкілдерінің рухани дамуына үлгі болар тәлім мен тәрбиеге толы шығармалары үшін алғысын жеткізген Бауыржан Тілешұлы мектеп ұжымының шақыртуын қабыл алған ақын апайымызға ризашылық білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.
Келесі кезекте сөз алған Перуза Елубайқызы, Света Сағындыққызы, сонымен қатар, осы жолдардың авторы ұлттық құндылықтардың қазынасы саналатын Шырын Бөкейқызына деген жүрекжарды ой-пікірлерін білдіріп өтті.
Ашық әрі ерекше сарында өткен кездесу барысында мектеп өнерпаздарынан құралған хор мүшелері «Меркі жұлдыздары», алдынан зор үміт күтуге болатын 4-сынып оқушысы Ерсайын Шалқар «Туған жер» мен «Қазақ елі» әнін, 5-сынып оқушылары «Гүлдер», 6-сынып оқушылары «Стиль», ал, 3-сынып оқушылары «Қазақ» биін кеш қонағы Шырын Мамасеріковаға тарту етті.
Кездесу кешінің сыр-сұхбат бөлімінде жүргізуші Диас Шөпшекбай сөз құдіретін ұғатын ақын апасына көпшілікті де қызықтырар бірқатар сұрақ-сауалдар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Бүгінгі кездесудің екінші бөлігінде Шырын Мамасерікова мектеп кітапханасында болып, тұрақты оқырмандармен кездесті.
Мектеп кітапханашысы, өз ісінің білгір маманы Света Сағындыққызы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша Әулиеата өңіріндегі кітап оқу жылына орай «Өлеңі мен өмірі елге таныс» атты іс-шара ұйымдастырған екен.
Кездесу кезінде Шырын Бөкейқызының шығармашылығына қызығушылықпен қарап, оны өздеріне рухани азық ретінде қабылдайтын мектеп білімгерлері ақын апаларының өлеңдерін жатқа айтса, сұрақ-жауап бөлімінде Шырын Мамасерікова оқушылардың ақындық өмірі мен қалыптасу жолы турасындағы сауалдарына жауап берді.
Иә, тігісін тегістеп жазсақ, адамзаттың тарихындағы әр ақын – ұлттың байлығы болып саналады. Ақын ғана осы және келер ұрпақты рухани тұрғыда қоректендіріп, олардың бойында адам баласы үшін қажеттілік нәрінің ұрығын себетін қауқарға ие. Себебі, сөз құдіреті – алып күш. Осы тұрғыда, сөз маржанын теңіз түбінен теріп, бар бақытын өлең жолдарынан тапқан біздің – қазақтың ақын қызы Шырын жыр әлеміндегі биікке самғаған ақ шағалаға көбірек ұқсайтыны бар.