Абайды оқы, таңырқа!

0 32

Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевтің бастамасы бойынша «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жалғасуда.

Осы ретте, «Әлемді кітап арқылы танимын» жобасы аясында ең көп оқитын оқырмандардың бақ пен баптарын сынға түсірген «Абайды оқы, таңырқа…» атты аудандық байқау болып өтті.
Ұлт руханиятының қайнар көзі – Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай, ақын шығармаларын ата мұрамыз ретінде қабылдап, оны жаңа буын жас ұрпаққа барынша танытуды көздеген байқауды Динара Айымбекова басқаратын ау­дандық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы ұйымдастырып өткізді.

Ә дегеннен-ақ, ұйымдастырылу фор­маты тың әрі өзгеше екені көзге ұрған байқау «Таңшолпан» балабақшасы бүл­діршіндерінің өнерімен бастау алды.
Келесі кезекте кешті жүргізуші– кітапханашы Айнұр Ергеш пен №17 ЖОББМГ-нің 11-сынып оқушысы Думан Қойшыбай:

– Абай – қазақ даласын надандықтың айсыз қараңғы түні бүркеп, тұншықтырып тұрған кезде еліне дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға ағып түскен жарық жұлдыз. Ол мың қырлы, мың тәлімі бар ұлы ақын. Осы уақытқа дейін Абай туралы қанша айтылып, қаншама зерттеу жұмыстары жазылып келсе де, ол әлі талай тың жұмыстарға негіз болмақ. Осы орайда, Абайды сан зерттеген М.Әуезов: «Абай – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал, мен оның бетін ғана қалқыдым» деген екен. Ендеше, байқауымызды бастайық! – деген соң, ортаға қатысушылар шақырылды.

Олардың қатарында А.Қосанұлы атындағы №18 ЖОББТМ-нің 9-сынып оқушысы Еркеназ Жұмабай, №13 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы Айбар Райымқұл, А.Асқаров атындағы ЖОББМЛ-нің 7-сынып білімгері Нұрғиса Маратұлы, М.Әуезов атындағы ЖОББМЛ-нің 7-сынып оқушысы Інжу Серік, №44 ЖОББМ-нің 7-сынып білімгері Жанат Мәди, №7 ЖОББМ-нің 6-сынып оқушысы Аяулым Аманбай, №39 Т.Қожакеев атындағы ЖОББМ-нің 10-сынып білімгері Жәмиля Бегімбаева, №4 ЖОББМ-нің 9-сынып білімгері Нұртөре Тұрғынбек, №48 ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Диана Уәли, №20 ЖОББМ-нің 8-сынып оқушысы Әрсен Нұрдәулет пен №17 ЖОББМГ-ның 7-сынып оқушысы Нұрбақыт Есіркепов болды.
Қатысушының шығарманы таңдау талғамы, дауыс мәнері, тіл тазалығы, жан-жақты білімділігі мен сахнада өзін ұстау мәдениеттілігіне баса назар аударылған байқау 4 кезеңнен тұрды.

Олар – «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» – сайыскердің өзін-өзі таныстыруы, ақын, ұстаз-ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер әрі аудармашы Абай Құнанбайұлының өлеңін немесе қара сөздерін жатқа айту мен сахналық қойылым қою, «Әдеби бәйге» – Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру және «Портрет галереясы» атты портреттегі бейненің кім екенін табу сияқты кезеңдерден тұрды.

Тартысты өткен байқаудың әділ­қазылар алқасының бірауыз шешімімен Бас жүлдені – №39 Темірбек Қожакеев атындағы ЖОББМГ-нің 10-сынып оқушысы Жәмиля Бегімбаева, І орынды – №17 И.Трубицын атындағы ЖОББМГ-ның 7-сынып оқушысы Нұрбақыт Есіркепов, ІІ орынды – №13 ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы Айбар Райымқұл, ал, ІІІ орынды – №7 ЖОББМ-нің 6-сынып оқушысы Аяулым Аманбай жеңіп алды.

Иә, Абай – мың қырлы, мың тәлімі бар бас ақын. Жоғарыда айтылғандай, М.Әуезовтің өзі Абай дариясының тек бетін қалқыдым десе, бұл байқау сол дарияның жағалауынан ғана қайтқан болар. Алайда, өте тамаша ұйымдастырылып өткен бүгінгі кеш қазақ еліне жаңа шығармашылық тұлғалардың қалыптасуына ұйытқы болып, өз септігін тигізетіні айдан анық көрінді. Лайым, солай болсын, ағайын!