Ел чемпионаты мықтыларды анықтады

0 40

Еліміз Тәуелсіздік алған соң, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтар мен руханиятымызға қайта оралу үрдісі кең етек жайды. Оның ішінде, қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі ұлттық спорт түрлері қайта жанданып, оларға деген қызығушылық та арта түскені байқалады.

Осы ретте, ағымдағы жылдың 24-28 наурыз күндері Тараз қаласында асық ату мен бес асықтан 2009-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Аталған чемпионатқа асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, елімізде асық ату спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы бастаған осы спорт түрінің жанашырлары мен бапкер-мамандары қатысты.

Төрт күнге жалғасқан жарыс кезінде еліміздің әр түкпірінен келген «сен тұр, мен атайын» дейтін асық ату шеберлері бақ пен баптарын сарапқа салып, өте жоғары дәрежеде ойын өрнегін көрсете алды. Ол арқылы асық спорты тек ойын ғана емес, ол спортшылардың жедел қимылдап, дәлдік пен көздеу әдісіне машықтанатын, сонымен қатар, кез келген сәтте тепе-теңдікті сақтауына ұйытқы болатын бірден-бір ұлттық спорт екені де белгілі. Сондықтан, асық ату спорты еліміздің барлық өңірінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны қуанышты жайт десек болады.

Міне, осы жарысқа белсене қатысқан ауданымыздың Ақарал ауылынан шыққан асық ату шебері, №5 Ақарал мектебінің шәкірті Мәди Еркен 15 асықтың 8 асығын 1 минут 8 секундта шеңберден шығарып, республикалық дәрежедегі рекорд жасады. Сонымен қатар, аталған мектептің оқушысы Кеңесбек Әсет те осы жарыс кезінде өзінің білікті спортшы екенін іспен дәлелдей алды. Өңір намысын қорғаған осы екі спортшымыз облысымыздың құрама командасының мүшесі екенін де айтып өткеніміз абзал. Мәди баламыз ұлттық спорт түрінен «Әулие-Ата» кәсіпқой спорт клубының спортшысы да саналады. Ал, олардың асық ату жаттықтырушылары, осы спорт түріне бірнеше жылдан бері ден қойып, өздерінің білікті де шебер бапкер екендіктерін алыстарға танытып жүрген ұлтсүйер азаматтар – Әсет Қоңырбаев пен К.Темірбеков. Яғни, ақаралдық спортшылардың республика деңгейіндегі ірі жеңісі – асық спорты бапкерлерінің ерен еңбегінің жемісі деуге әбден болады.

Осы ел чемпионатының нәтижесі бойынша Жамбыл облысының асық ату командасы Республика чемпионы атанды. Бұл ірі жеңісте ақаралдық Мәди Еркен мен Кеңесбек Әсеттің қосқан сүбелі үлесі зор. Сонымен қатар, Ақарал ауылының жоғарыда аталған қос спортшысы жекелей асық ату түрінен де 1-орын иеленіп, арнайы Кубок және Дипломмен, сондай-ақ, әрқайсысы 100 000 теңгеден қаржылай сыйақымен марапатталып, мерейлері үстем болды. Олардың Республикамыздың Ұлттық құрамасының қатарына кіргені де бәріміз үшін үлкен қуаныш саналуы тиіс. Ендігі кезекте, қос спортшыға ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағы беріліп, арнайы стипендия да тағайындалмақ.

Осылайша, тартысты өткен сайыста асық атудан Жамбыл облысының спортшылары топ жарса, Түркістан және Алматы облыстары, тиісінше, 2 және 3-орындарды өзара бөлісті. Ал, бес асық бойынша Қостанай облысының спортшыларына тең келетін қарсыластар болмаса, Қызылорда облысы 2-ші, Түркістан облысы 3-орынға ие болды.

–«Бірлік бар жерде, тірлік бар» де­гендей, ұлттық ойынымыз алдағы уақытта Әлем, Азия ойындары бағдарламасына еніп, тіпті, Олимпиада ойындарына қосылып жатса деген асыл арманымыз бар. Мысалы, Шотландия елі өздерінің ұлттық ойындары – керлингті дамытып, Олимпиадаға енгізді ғой. Сол секілді біз де алдымызға асық спортын төртжылдықтың басты додасына енгіземіз деген мақсат қойсақ дейміз, бұйырса ол күнге де жетерміз. Асығымыз әрқашан алшысынан түсе берсін! Жамбылдық, оның ішінде, Меркі ауданы, Ақарал ауылының спортшылары Мәди Еркен мен Кеңесбек Әсет республикамыз бойынша озық тұрған асық ату спортының майталмандары қатарында. Осы ретте, оларды тек Ақаралдың ғана емес, еліміздің мақтанышы десек болады – дейді, асық атудан Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы сұхбат барысында.